Ақтау қаласының әкімі мектептердің техникалық жағдайымен танысты
OTPANNEWS.KZ – Қала әкімі Мақсат Мұқаш білім беру нысандарын аралап, ғимараттардың техникалық жағдайы мен инженерлік желілерінің жай-күйін тексерді.
Қала басшысы №5, №7, №10 орта мектептер мен №11 лицейге барып, білім беру нысандарындағы өзекті мәселелермен танысты.
Тексеру барысында мектептердің жылу жүйелері, су және кәріз құбырлары, электр желілері, сондай-ақ ғимараттардың жалпы жағдайы қаралды. Сонымен қатар нысандардың техникалық қауіпсіздігі мен жөндеуді қажет ететін тұстарына назар аударылды.
Қала әкімі жылу желілерінің жағдайына тоқталып, мұндай мәселелердің алдын алу үшін инженерлік желілердің жай-күйіне алдын ала назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Қақаған қыстың ортасында жылу желісінен ақау шықты, ескі еді, күрделі жөндеуден өткеніне 10 жыл болып еді деген әңгіме болмауы керек. Инженерлік желілердің мәселелерін реттеу үшін келесі бюджеттік өтінімге ұсыныңыздар, – деді Мақсат Мұқаш.
Мақсат Мұқаш анықталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына оларды заң аясында шешу жолдарын қарастыруды және әр мәселені жан-жақты зерделеуді тапсырды.