Ақтау қаласында «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтіп жатыр
Бүгін, 25 ақпанда Ақтауда «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – су тасқыны қаупі туындаған жағдайда азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің іс-қимылын жетілдіру. Сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайындық деңгейін тексеру.
Саптық көрсетілімге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлы және Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов қатысып, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын тексерді.
Жаттығуға 280 қызметкер мен 79 техника бірлігі тартылған. Көктемгі кезеңде жұмылдырылатын қызметтер қатарында су шаруашылығы, сауда және тамақтандыру, радиациялық және химиялық қорғау, хабарлау және байланыс, энергетика, жанар-жағармаймен қамту, ақпараттық сүйемелдеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өрт сөндіру қызметтері бар.
«Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау құрылымдарының әзірлігіне оң баға берілді. Кез келген төтенше жағдайға тәулік бойы дайын болу – басты міндет. Өңірімізде ірі су тасқыны қаупі төмен болғанымен, табиғи құбылыстардың алдын ала болжап болмайтынын ескеру қажет. Барлық күштер мен құралдар, арнайы техника толық дайындықта. Жаттығу қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер болса, олар талданып, тиісті шаралар қабылданады», – деді Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Мұрат Мұханов.
Айта кетейік, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу 25–27 ақпан күндері өтеді. Жаттығу кезінде халықты ескерту жүйесі тексеріліп, жедел штабтар бір-бірімен қалай жұмыс істейтінін нақтылайды. Сондай-ақ табиғи немесе техногендік төтенше жағдайларға қалай тез әрекет ету керегін іс жүзінде тексермек.