Otpan News Logo

Ақтау қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тұрғындардан өтінім қабылдау аяқталуға жақын

Ақтау қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тұрғындардан өтінім қабылдау аяқталуға жақын

Ақтау тұрғындары қаланы абаттандыруға қатысты жобаларын 2026 жылдың 1 наурызына дейін ұсына алады. Маңғыстау облысының басқарушы сервистік компаниялары мен мүлік иелерінің бірлестіктері қауымдастығы тегін көмек көрсетуге дайын, деп хабарлайды otpannews.kz.


Еске салсақ, бағдарлама тұрғындарға қаланы абаттандыру бойынша жобаларды тікелей ұсынуға мүмкіндік береді. Оған көгалдандыру мен жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіруден бастап балалар және спорт алаңдарын орнату жұмыстары кіреді. Ең үздік бастамалар тұрғындардың дауыс беруі арқылы таңдалып, қалалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.


Төмендегі бағыттар бойынша жобалар қабылданады:

• аумақты көгалдандыру;

• жаяу жүргіншілер жолын салу және жөндеу;

• саябақтар және жаяу жүргіншілер аймақтарын құру және жарықтандыру;

• балалар және спорт алаңдарын орнату;

• орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату;

• жол жиегіндегі тастарды, төсемтастарды және тіреу қабырғаларын жөндеу;

• қоқыс ошақтарын жою;

• санитарлық жағдайды қамтамасыз ету.


Жобаны ұсыну үшін мыналарды дайындау қажет:

• жобаның қысқаша сипаттамасы;

• мекенжайы мен атауы;

• жоба неге тұрғындар үшін маңызды екенін түсіндіру;

• шамамен жасалған смета;

• қазіргі жағдайдың фотосуреттері;

• жоба эскизі немесе сызбасы.


«Біздің мақсатымыз – Ақтау тұрғындарының мүмкіндігінше көп пайдалы бастамаларының жүзеге асуына жол ашу. Жоба ұсынғысы келетіндер Маңғыстау облысының басқарушы сервистік компаниялары мен мүлік иелерінің бірлестіктері қауымдастығына хабарласып, қажетті құжаттарды дайындау бойынша кеңес және көмек ала алады. «Халық қатысатын бюджет» - бұл тұрғындарға жергілікті бюджет қаражатын абаттандыруға тікелей бөлуге мүмкіндік беретін жоба. Азаматтар өз идеяларын ұсынады, үздік жобалар дауыс беру арқылы іріктеліп, әкімдіктер тарапынан қаржыландырылады. Өтінімдер eGov порталы арқылы беріледі. Біз тұрғындарға өтінім беруге көмектесе аламыз», - деп хабарлады қауымдастық өкілдері.
443
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!