Otpan News Logo

Республикалық маңызды жолдардың 797 шақырымына тексеру жүргізілді

|
19.10.2024 00:00
Республикалық маңызды жолдардың 797 шақырымына тексеру жүргізілді

Маңғыстау облысындағы жол құрылысы жобалары 100% Ұлттық сапа орталығының бақылауында. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі АЖК «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Маңғыстау облысы филиалының директоры Фуркат Джуланов облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.


2024 жылдың 9 айында жол инженерлері облыс көлемінде жүргізіліп жатқан жол құрылысы жобаларының сапасын 451 рет тексеріп шықты. Бұл ретте мамандар 57 жол-құрылысы нысанын қамтыған.


«Жыл басынан бері 2095 сынама алынып, құрамы зертханалық жолмен тексерілді. Соның ішінде 422 сынаманың нормативті құжаттар талаптарына сәйкес еместігін анықтадық. Нақты айтсақ, жер төсемесінің тығыздық коэффиценті, кейбір керн сынамаларының тығыздық коэффиценті жобада көрсетілген талаптарға сәйкес келмей шықты. Қазіргі таңда талапқа сәйкес келмеген сынамалардың 222-сі қалпына келтірілді. Қалғандары бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр», - деді Фуркат Джуланов.


Ұлттық сапа орталығының қызметкерлері биыл өңірде республикалық маңызға ие жолдардың жай-күйін 158 рет тексеріп, 95 сынама алған. Сонымен қатар облыстық, аудандық маңыздағы және қала мен елдімекенішілік жолдарда 293 рет бақылау шарасын өткізіп, 327 сынама алынды.


«Аталған жұмыстардың сапасын бақылау кезінде 147 ақаулық табылды. Соның ішінде 66-сы республикалық маңыздағы жолдардан, 81 ақаулық жергілікті маңыздағы жолдардан табылды. Біздің мамандар жолдаған қызметтік хат негізінде 40 ақаулық жойылды. Бір айта кететін жайт, биыл мердігер мекемелер нормативті құжат талабына сәйкес келмеген сынамалар бойынша жалпы көлемі 4882 шаршы метр болатын жолдардың асфальтобетон жамылғысын қайта төсеп шықты», - деді ұлттық сапа орталығының өкілі.


Жол құрылысы нысанында анықталған ақаулықтар бойынша ұлттық сапа орталығынан Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына 2 рет өтінім хат жолданған. Соның нәтижесінде техникалық қадағалау сарапшыға ҚР ӘҚтК-нің 317-бабының 3-бөлігіне сәйкес (180 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ оның аттестатын пайдалануы 6 айға тоқтатылды.


Айта кетейік, Ұлттық жол сапа орталығы жылжымалы жол зертханасының көмегімен автомобиль жолдарын диагностикалау және аспаптық тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері жол инженерлері өңірде республикалық маңызға ие жолдардың 797,8 шақырымында аспаптық тексеру жұмыстарын атқарды.

38
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!