Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері Каспий теңізінде штурмандық жорық өткізді
Әскери теңізшілер Каспий теңізінің орталық бөлігінде кемелерді басқару және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған оқу-жауынгерлік міндеттер кешенін орындады, деп хабарлайды otpannews.kz әскери ведомствоға сілтеме жасап.
Жорыққа қатысушылар вахталық ауысымдар құрамында әрекет етіп, штурмандық вахтаны өз бетінше атқару дағдыларын жетілдірді.
«Іс-шаралар кәсіби шеберлікті, кеме жүргізу дағдыларын және штурмандық қызметті ұйымдастыру деңгейін арттыруға бағытталды. Мамандар вахта офицерлері ретінде іс-қимылдарды пысықтап, штурмандық вахтаны атқаруға дайындықтан өтті», – деді «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесінің штурмандық жауынгерлік бөлімінің командирі Асылбек Оразбаев.
Жаттығу барысында теңіз айдынының ерекшеліктерін зерттеуге, навигациялық әдістерді тәжірибеде қолдануға, бағытты белгілеу мен жағдайға қарай кеменің бағытын түзету дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Тәжірибелік дайындық нақты жауынгерлік қызмет жағдайына барынша жақын ортада өтті. Бұл әскери қызметшілерге штурмандық қызметті ұйымдастыру бойынша қосымша тәжірибе жинақтап, ахуалды жедел бағалау және дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін нығайтуға мүмкіндік берді.
Штурмандық жорық қорытындысы бойынша офицерлер негізгі дайындық бағыттары бойынша сынақ тапсырып, жоғары деңгейдегі білімдері мен тәжірибелік машықтарын көрсетті.
Штурмандық дайындық – әскери-теңіз мамандарының жауынгерлік әзірлігінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Ол жеке құрамның жоғары дайындық деңгейін сақтауға, теңіз шекараларын қорғау жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға және Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.