Пәтерді жалға беру: меншік иесі тұрғындарды тіркеуге міндетті
OTPANNEWS.KZ. – Пәтерін жалға беріп, жалдаушыларын уақытша тіркеуге қоймайтын үй иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал кейбір тұрғындар жалға алушыны тіркеу баспанадан үлес алуға мүмкіндік береді деп қауіптенеді.
Құқық қорғау органдары тіркеу пәтерге меншік ету құқығын бермейтінін айтады. Яғни жалға алушы үйдің үлесіне ие болмайды, оны сата да, басқаға сыйға да тарта алмайды. Уақытша тіркеу ең алдымен адамның нақты тұратын мекенжайын растау үшін қажет. Бұл құжат баланы балабақшаға немесе мектепке орналастырғанда, емханаға тіркелгенде керек болуы мүмкін. Сонымен қатар адамның қайда тұратыны туралы мәлімет мемлекеттік органдар үшін де маңызды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтар нақты тұратын жері бойынша тіркеу талаптарын сақтауы тиіс. Егер пәтер жалға берілсе, меншік иесі жалға алушыны тіркеу мәселесін уақытылы шешуі қажет. Тіркеу азаматтың белгілі бір мекенжайда тұратынын растайды, бірақ пәтерге меншік құқығын бермейді. Сондықтан тұрғын үй иелерінің бұған қатысты негізсіз алаңдауына себеп жоқ, - дейді Маңғыстау облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бөлімінің аға инспекторы Айдар Тампеков.
Қазақстанда әр азамат нақты тұратын жері бойынша тіркелуге тиіс. Заңгер Олжас Әлімовтің айтуынша, пәтерді жалға беріп, одан табыс тауып отырған меншік иесі жалдаушының уақытша тіркеуін рәсімдеуге міндетті. Бұл талап жалдау шарты жазбаша жасалған жағдайда да, тараптар ауызша келіскен кезде де күшін жоймайды.
Егер де талап орындалмаса үй иесіне алғашқы заңбұзушылық үшін 43 мың 250 теңге айыппұл қарастырылған. Ал бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есе өсіп, 86 мың 500 теңгеге жетуі мүмкін. Тіркеусіз тұрған жалға алушыға да 30 мың теңге әкімшілік жаза қарастырылған.
«Тіркеудің екі түрі бар: уақытша және тұрақты. Уақытша тіркеу көбіне пәтер жалдап тұратын адамдарға қажет. Ал тұрақты тіркеу адамның тұрақты тұратын мекенжайына байланысты рәсімделеді», – дейді заңгер Олжас Әлімов.
Уақытша немесе тұрақты тіркеудің өзі адамға жылжымайтын мүлікке меншік құқығын бермейді. Пәтердің иесі өзгеруі үшін сатып алу-сату, айырбас немесе заңда көзделген басқа да негіз болуы керек. Сондықтан жалға алушыны тіркеу арқылы пәтердің бір бөлігіне иелік ету мүмкін емес.
Заңгердің сөзінше, пәтерді жалға беру кезінде жазбаша шарт жасамаған тараптар да өзара келісімге келген болып есептелуі мүмкін. Мәселен, пәтер иесі мен жалдаушы ай сайынғы төлемді, коммуналдық шығындарды және басқа талаптарды мессенджер арқылы келісуі немесе ауызша уағдаласуы мүмкін. Мұндай келісімнің болғанын дәлелдеу қажет болған жағдайда хат алмасу мен төлем түбіртектері маңызды рөл атқарады.
Дегенмен жазбаша жалдау шарты екі тараптың да мүддесін қорғауға көмектеседі. Онда жалдау мерзімі, төлем мөлшері, коммуналдық қызметтерге қатысты міндеттер, пәтерді босату тәртібі және тараптардың жауапкершілігі нақты көрсетілуі керек.
«Меншік иесі пәтерді жалға беріп, одан табыс тауып отырғаннан кейін, тек жалдау ақысын алуды ғана ойламауы керек. Жалдаушыны тіркеу де – оның міндеті. Ал пәтерді жалға алған адам тұрғын үйді күтіп ұстауға және келісімде көрсетілген талаптарды орындауға тиіс. Екі тараптың да құқықтары мен міндеттері тең сақталуы қажет», – дейді Олжас Әлімов.
Жалдаушы жалдау ақысын төлемей, келісім талаптарын орындамай немесе мерзімі аяқталғаннан кейін пәтерді босатудан бас тартқан жағдайда, меншік иесі оның мүлкін өз бетінше шығарып, күш қолдану арқылы үйден кетіруге әрекет жасамауы керек. Мұндай дауды шешу үшін жалдау шарты мен төлемдерді растайтын құжаттар қажет болуы мүмкін.
Заңгердің түсіндіруінше, егер жалдаушы пәтерді өз еркімен босатпаса, меншік иесі сотқа жүгінуге мәжбүр болуы мүмкін. Мұндай іс бірнеше айға созылуы ықтимал. Сондықтан жалдау шартында төлем мерзімі, шартты бұзу негіздері, ескерту тәртібі мен баспананы босату талаптарын алдын ала белгілеу маңызды.
Олжас Әлімов пәтерді жалға бергенде немесе жалға алғанда мына құжаттарды рәсімдеуге кеңес береді:
• Жалдау шарты. Жалдау мерзімі, ай сайынғы төлем, коммуналдық шығындар мен тараптардың міндеттері көрсетіледі.
• Қабылдау-тапсыру актісі. Пәтердегі жиһаз, тұрмыстық техника және басқа мүліктердің тізімі, олардың жай-күйі жазылады.
• Төлемді растайтын құжаттар. Банк аударымдары, түбіртектер немесе жалдау ақысының төленгенін дәлелдейтін өзге құжаттар сақталуы керек.
• Тіркеуге қатысты құжаттар. Жалдаушының уақытша тіркелуі қолданыстағы тәртіппен рәсімделеді.
Заңгердің айтуынша, азаматтық-құқықтық шартты міндетті түрде нотариуста куәландыру талап етілмейді. Тараптар шарт талаптарын келісіп, оны тиісті түрде рәсімдей алады.
Егер пәтер иесі тіркеуден бас тартса, жалға алушы көші-қон қызметіне немесе құзыретті органға жүгінуіне болады.