Маңғыстауда «Elge gyzmet: жауапкершілік пен мүмкіндік» тақырыбында жастар форумы өтті
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстауда жастарға мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шараға мемлекеттік қызмет ардагерлері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер және студенттер қатысты.
Жиынның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік қызметтің құндылықтарын насихаттау, қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беру, кәсіби бағдар қалыптастыру және жастар мен мемлекеттік органдар өкілдері арасында ашық диалог орнату.
Жиын барысында мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігі, адалдық пен әділдік қағидаттары, сондай-ақ жастардың мемлекеттік басқару саласында кәсіби дамуына жол ашатын мүмкіндіктер талқыланды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мемлекеттік қызметтің сапасы мен тиімділігі елдің тұрақты дамуы және халық сенімі үшін маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызметтің сапасы мен тиімділігі – еліміздің тұрақты дамуының, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің маңызды көрсеткіші. Ал осы сенімді нығайтуда мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі, адалдығы мен жоғары жауапкершілігі ерекше рөл атқарады. Мемлекеттік қызметтің негізінде заңдылық, әділдік, адалдық және халыққа қалтқысыз қызмет ету қағидаттары жатыр, – деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Қатысушылар мемлекеттік қызметке орналасу жолдары, конкурссыз тағайындау тетігі және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.