Otpan News Logo

«Aktau Towers» тұрғындары заңдастырылмаған үйдің азабын тартып отыр

«Aktau Towers» тұрғындары заңдастырылмаған үйдің азабын тартып отыр

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Ақтаудың 12-шағынауданындағы «Aktau Towers» тұрғын үй кешенінің құрылысы он жылдан астам уақыттан бері толық аяқталмай келеді. Үйдегі 174 пәтердің бәрі сатылған, ал 40 пайыздан астамына тұрғындар қоныстанған. Алайда ғимарат әлі күнге дейін толық пайдалануға берілмеген. Тұрғындардың қолында пәтер сатып алғанын растайтын алдын ала келісімшарт қана бар. Былтыр қыста жылусыз отырған олар электр жарығының жиі өшетініне де шағымданады. Ал ай сайынғы коммуналдық төлем 200 мың теңгеге дейін жетеді.



Тұрғын үй кешенінің құрылысы он жылдан астам уақыт бұрын басталған. Осы аралықта құрылыс салушы екі рет ауысып, үйді заңдастыру мәселесі әлі шешілмеген. Пәтерлер іргетасы енді қаланған кезде-ақ сатыла бастаған екен. Бірақ құрылыс компанияларында үлескерлердің ақшасын тартуға қажетті рұқсат болмаған. Сатып алушыларға бизнес санатындағы баспана уәде еткен. Алайда тұрғындар үйдің қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейтінін айтады.


Олардың сөзінше, баспалдақтар тым тар. Екі лифтінің біреуі ғана жұмыс істейді. Инженерлік желілерге қатысты да шағымы жетерлік. 


Газ болады деп уәде берген, бірақ әлі қосылған жоқ. Электр жарығы да жиі өшеді. Жоғары қабатта тұратындар жеделсатыны пайдалана алмай қиналады. Ал қыста жылусыз қаламыз, – дейді тұрғындар.


Бұған қоса, үйдің коммуналдық берешегі 5 миллион теңгеден асқан. Тұрғындар қарыз құрылыс жүріп жатқан кезде жинала бастағанын айтады. Олар коммуналдық қызметтер үшін заңды тұлғаларға арналған тарифпен төлеп отырмыз деп ашулы. Ай сайынғы төлем 60 мыңнан 200 мың теңгеге дейін барады.


Ай сайын қарыз туралы ескерту келеді. Құрылыс салушы электр жарығы мен судың шығынын тұрғындардың мойнына артқысы келеді. Біз ақшаны ай сайын төлеп отырмыз. Біріміз менеджердің жеке шотына аударамыз, енді біріміз қолма-қол береміз. Бірақ қарыз азаймайды. Сонда төленген ақша қайда кетіп жатыр? – дейді олар.


Тұрғындар коммуналдық қызмет көрсететін мекемелермен әр пәтерге жеке келісімшарт жасасып, төлемдердің қалай есептелетінін және берешектің неден жиналғанын тексеруді талап етеді.


Ақшаны төлеп, пәтерге кірдік. Бірақ біздің білуімізше, сол кезде техникалық түгендеу бюросының (БТИ) мамандары келіп, пәтерлерді қайта өлшемеген. Сондықтан қосымша шаршы метрлердің қалай есептелгені түсініксіз. Ал бізден ол үшін қосымша ақы алып қойған. Ал үйді пайдалануға беру актісі әлі жоқ, – дейді тұрғындар.


Қыс түскенде жағдай тіпті қиындайды. Орталық жылу жүйесі болмағандықтан, тұрғындар электр жылытқыштарын пайдалануға мәжбүр. Ол да үйді жылытпайды дейді жұрт. 


Қала әкімдігі мәселені заң аясында шешіп, ғимаратты рәсімдеудің жолын қарастырып жатқанын хабарлады. Бірақ ол үшін құрылыс салушы қажетті құжаттарды әзірлеуі керек.


Әкімдіктің мәліметінше, компания құрылыс басталғанға дейін жұмыс жобасын дайындағанымен, ол сараптамадан оң қорытынды алмаған. 


Компания үйді бекітілген жұмыс жобасы болмағанына қарамастан сала бастаған. Құрылыстың бастапқы кезеңінде мемлекеттік органдар жұмысты тоқтатқанымен, құрылыс жалғасқан. Сонымен қатар құрылыс салушы үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты болмаса да, олардың ақшасын жинаған. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы сотқа жүгінді. 2023 жылы ғимаратты бұзу туралы шешім шықты, – деп хабарлады әкімдік.


Қазір қала билігі құрылыс салушыдан жаңа жобаның дайындалуын күтіп отыр. Әкімдіктің айтуынша, құжаттарды әзірлеу созылып кеткендіктен, мәселені одан әрі шешу де кешігіп жатыр.

86
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!