Otpan News Logo

Құрықта Каспий итбалығын қорғауға арналған кездесу өтті

|
01.10.2026 16:37
Құрықта Каспий итбалығын қорғауға арналған кездесу өтті

Құрық ауылында «ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Каспий итбалығын қорғау мәселелеріне арналған ақпараттық-ағартушылық кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Аталған іс-шара Қарақия кәсіптік колледжінің мәжіліс залында қоғамдық бірлестіктің Каспийдің бірегей эндемигі – Каспий итбалығын қорғауға бағытталған социологиялық зерттеулер жобасы аясында ұйымдастырылды.


Кездесуге Қарақия кәсіптік колледжінің оқытушылары мен студенттері, жергілікті тұрғындар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары, сондай-ақ кәсіби балықшылар мен экологиялық белсенділер қатысты.


Шара барысында «ECO-SOCIAL» ҚБ басқарма төрағасы, «Эколидер» еріктілер клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова, сарапшы-ерікті Әділбек Қозыбақов және Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің биология пәнінің оқытушысы Зинаида Епенова жобаның мақсаттары мен міндеттері туралы ақпарат берді.


Кездесуде Каспий итбалығы популяциясын сақтау, оның теңіз экожүйесіндегі маңызы және итбалықтарды қорғауға қоғамның қатысуы жөнінде пікір алмасу өтті.


Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Каспий итбалығын сақтау мәселесіне қатысты пікірлері мен тәжірибелерімен бөлісті. Ал кәсіби балықшылар мен экологиялық белсенділер зерттеу жұмысына қолдау білдіріп, жоба ұйымдастырушыларына сәттілік тіледі.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер Каспий итбалығын қорғау мәселелері бойынша қоғамның хабардарлығын арттырып, жергілікті тұрғындардың экологиялық бастамаларға қатысуын күшейтуге бағытталған.


Каспий итбалығы – Каспий теңізінің экожүйесіндегі маңызды түрлердің бірі. Оны сақтау теңіз биоалуантүрлілігін қорғау бағытындағы ортақ міндеттердің бірі болып қала береді.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!