Есірткі тәркіленді: Ақтауда 22 жастағы ер адам ұсталды
Ақтауда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Полиция мәліметінше, 24 қыркүйекте «Қарасора-2026» және «Дәрмек» республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары аясында Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қызметтік иттің көмегімен күдіктіні қолға түсірген.
Аталған операция қаланың ойын-сауық орындарының бірінде жүргізілген. Ер адам бұған дейін қозғалған қылмыстық іс аясында Қылмыстық кодекстің 297-бабының 1-бөлігі бойынша ұсталған.
Күдіктінің тұрғылықты жеріне санкцияланған тінту жүргізу кезінде полиция қызметкерлері «Димедрол» дәрілік препаратының ампулаларын, сұйық заттар салынған ыдыстарды және марихуана қолдануға арналған құралды тәркіледі.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.