Otpan News Logo

Физика пәнінің мұғалімі оқушылармен бірге бұзылған техникаларды жөндейді

Физика пәнінің мұғалімі оқушылармен бірге бұзылған техникаларды жөндейді

33 жастағы Әлібек Бақаев №30 мектепте физика пәнінен сабақ береді. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған ұстаздың педагогикалық еңбек жолына биыл 12 жыл. Әлібектің ата-анасы мен жұбайы да ұстаздық жолда еңбек етеді.


«Ата-анам мұғалім болып қызмет атқарады. Бала кезімнен олардың жұмысын көріп өстім. Дегенмен олар менің ұстаз болуыма қарсы болды. Оған қарамастан, мен мұғалім мамандығына қызығушылық танытып, физика және информатика факультетіне түсіп, арманымды орындадым. Ұстаздық ету маған ерекше шабыт сыйлайды. Оқушыларға сабақ беру, ұстаздық ету оңай қызмет деп айта алмаймын. Әрбір мұғалім алдындағы оқушыны өз баласындай көреді», - деді Әлібек Бақаев.


Ұстаз мектепте «Техно-жөндеу» клубын ашқан. Оқушылар үлкен қызығушылықпен қатысатын бұл үйірмеде балалар істен шыққан тұрмыстық техникаларға екінші өмір сыйлап қана қоймай, заманауи 3D құрылғылардың көмегімен түрлі туындылар жасап шығаруды үйренуде.


«Техно-жөндеу» клубын ашқанда жетістікке жетемін, табыс алып келеді деген ой болған жоқ, қызығушылықтан басталып кетті. Өзім де шебер адам емеспін, оқушылармен бірге үйреніп жатырмын. Бірінші жұмысымыз жанып кетсе, екіншісі сәтті шықты дегендей. Оған қоса Ұстаздық жолымда жеткен жетістіктерімнің барлығы оқушыларымның арқасы. 3D құрылғылардың көмегімен түрлі туындылар жасаймыз. Үйірме - тегін, балалар қызығып келіп, қосымша дүниелерді үйренеді. Мектеп әкімшілігі кабинет пен құрал-жабдық алуыма көмектеседі», - деді ұстаз.


Мереке қарсаңында абыройлы мамандық иесі әріптестеріне өз тілегін білдірді.


«Ұстаздық жолдың қиындығына қарамастан, қызығы мен қуанышы қатар жүреді. Осы жолда жүрген барлық әріптестеріме мықты денсаулық, отбасыларына амандық және шығармашылық табыс тілеймін», - деп түйіндеді сөзін Әлібек Бақаев.
82
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!