Жаңаөзенде Конституция жобасы бойынша ақпараттық кездесу өтті
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жаңаөзен қалалық коалициясының ақпараттық-түсіндіру тобы жұмысын бастады. Қалалық коалиция мүшелері «Өзенинвест» коммуналдық кәсіпорыны ұжымымен кездесті. Олар ұжымға тарихи кезеңдегі Конституциялық реформаның мақсаты, адам құқықтары мен бостандығына берілген кепілдіктер, заң нормаларына енгізілген түзетулер туралы кеңінен баяндады. Ата заңға енгізілген өзгерістердің мақсаты еліміздің тәуелсіздігін баянды ету және адам құқықтарының сақтауға арналғаны жөнінде кеңінен түсінік берілді.
Қалалық коалиция төрағасы Темір Мусаев алдағы референдумның бүкіл Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
Коалиция мүшелері сөз сөйлеп, жарқын болашақ үшін жаңа Конституцияны қолдап, референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.
Жаңаөзен қаласының және оған іргелес елді мекендердің ауыз су және кәріз жүйелерінің жұмысын қадағалайтын бұл кәсіпорында 308 қызметкер еңбек етеді. Бүгінде «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында еңбек етуде. Ұжым мүшелері негізгі міндеттерін орындаумен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерге де үн қосып, қолдау көрсетіп келеді.
Жас буын өкілдері Дамир Шырақбаев, Аманкелді Төлегенұлы және Али Магни сөз алып, жаңартылған Конституцияны қолдау – ел болашағына жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. «Өзенинвест» ұжымы мүшелері бірауыздан референдумға қолдау білдірді.