Жаңаөзенде дзюдодан жастар арасындағы ел чемпионаты басталды
Жаңаөзен қаласында дзюдодан 2006-2008 жылдары туған жас спортшылар арасында ҚР чемпионаты жалауын көтерді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жас татами шеберлерінің басты додасына Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ еліміздің 17 облысынан келген 551 дзюдошы қатысып, төрт күн бойы үздіктерді анықтамақ.
Биылғы біріншіліктің ерекшелігі қатысушылар қатарында халықаралық ареналарда көзге түскен талантты спортшылар белдеседі. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ернұр Батырғали, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегерлері Қайырғали Ролан мен Мұхамедәлі Жылқайдар татамиге шығып, жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі белдесулер ұсынады.
Чемпионат қорытындысы бойынша 2026 жылғы спорттық маусымда ел намысын қорғайтын Қазақстан жастар құрамасы жасақталады және олар халықаралық жарыстарда бақ сынайды. Бұл жас спортшылар үшін ұлттық құрама сапына қосылып, халықаралық додаларға жолдама алуына зор мүмкіндік болмақ.
Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық байланыстарды нығайту және дзюдоны Қазақстанда жаңа деңгейге көтеру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Халықаралық дзюдо федерациясымен елімізде төрт жыл бойы Grand Slam әлемдік турнирін өткізу туралы келісімге қол қойылған.
Айта кетейік, бүгінде елімізде дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. Әсіресе, былтырғы Париж Олимпиадасынан кейін Қазақстанда дзюдо жаңа белеске көтерілді. Бұл спорт түріне қызығушылық едәуір артқан. Статистикаға сүйенсек, елімізде шамамен 90 мың адам дзюдо секциялары мен үйірмелеріне қатысады, ал оларды 1300-ге жуық жаттықтырушы дайындайды.