Otpan News Logo

Биыл Маңғыстау облысына 213 мыңнан астам турист келді

Биыл Маңғыстау облысына 213 мыңнан астам турист келді

ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына арнайы келді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Сапар аясында Бауыржан Рапиков облыстағы спорт және туризм саласының өкілдерімен кездесіп, министрлік тарапынан спорт және туризм саласын дамыту аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарларды баяндады.

Сондай-ақ ол өңірдегі туризм саласының тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында өңірдегі туристік қызмет көлемі 7,3 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқанын жеткізді.


Қазақстанның табиғи және мәдени әлеуетін тиімді пайдалану – туризм саласын дамытудың негізгі басымдығы. Соңғы жылдары туристер тарапынан аймаққа деген қызығушылық жоғары. Облысқа келген туристердің жалпы саны 213 мыңды құрады. Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысында туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Құжатта 9 бағыт бойынша салалық мәселелерді жүйелі шешу қарастырылған. Оның ішінде: инфрақұрылымды дамыту, логистика, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау, инвестициялық жобаларды ілгерілету және басқа да бағыттар бар. Жоспарды жүзеге асыру кезеңінде жүзден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланды, – деді Бауыржан Рапиков.


Аталған жоспар жүзеге асырылғаннан кейін 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 430 мыңнан 520 мың адамға, ал келуші туристер санын 89 мыңнан 143 мың адамға дейін артады деп күтілуде.

70
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!