Otpan News Logo

Жаңаөзенде 1200 орындық «Келешек» мектебі ашылды

|
11.12.2025 17:14
Жаңаөзенде 1200 орындық «Келешек» мектебі ашылды

Жаңаөзен қаласы Рахат ауылында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №25 жалпы білім беретін мектеп ашылды. Бұл өңірде ашылған – 12 «Келешек» мектебі, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Заманауи мектеп 1 200 оқушыға арналған. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асатын білім ордасында 61 пән кабинеті бар. Олардың қатарында дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй мәдениеті, робототехника, STEM және музыка кабинеттері қамтылған. Мектеп қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға барлық мүмкіндік жасалған.



Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектептің ашылу салтанатына өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады. 


«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа үлгідегі заманауи мектептер бой көтеріп жатыр. Мемлекет тарапынан балалардың сапалы білім алуына, кәсіби бағдарын ерте айқындауға мүмкіндік жасалып келеді. Осындай игі бастамалар арқылы Жаңаөзен қаласы мен ауылдар арасындағы білім сапасының теңдігін қамтамасыз етуге жол ашылады», – деді Нұрдәулет Қилыбай. 


Мектеп ерекше білімді қажет ететін балалар үшін де қолайлы жағдаймен қамтылған. Сенсорлық бөлме мен инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы жеделсаты орнатылған. Ғимаратта оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарда – мұнда 126 бейнекамера орнатылып, ауласында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған.


Айта кетейік, бұған дейін өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 10 мыңнан астам оқушыға арналған 11 мектеп ашылды. Жылдың соңына дейін Ақтау қаласында тағы бір мектепті пайдалануға беру жоспарда бар.

57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!