Ақтауда аяқ тамыры бітелген 81 жастағы науқасқа күрделі ота жасалды
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жүрек-қан тамыр хирургиясы бөлімшесінде аяқ тамырларының бітелуі диагнозымен түскен 81 жастағы науқасқа жоғары мамандандырылған шунттау операциясы сәтті жасалды, деп хабарлайды otpannews.kz аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқас ауруханаға жоспарлы түрде, оң аяқтағы сан артериясының бітелуіне және күшейген ауырсынуға шағымданып келген. Оның айтуынша, ауырсыну түнгі уақытта үдеп, ұйқысына кедергі болған.
Дәрігерлер сан мен тізе буыны аралығындағы аймаққа шунттау отасын жасады. Операцияға кардиохирург Асылбек Анетов, ассистент Бауыржан Кобейсейтов және анестезиолог Маулен Жұмадиллаев қатысты.
Сан мен тізе буыны аралығындағы аймаққа шунт салу – аяқтағы қан айналымын қалпына келтіруге бағытталған аса маңызды хирургиялық әдіс. Аймақтағы артерияның бітелуі төменгі аяққа қан жетпеуіне және ауырсынуға, жүру қиындықтарына, кейде тіндердің зақымдалуына алып келеді. Шунттау арқылы қан ағымы айналып өтіп, аяққа қан жеткізіліп, жұмыс істеу қабілеті қалпына келеді, ауырсыну басылады және өмір сапасы жақсарады, - дейді кардиохирург дәрігер Асылбек Анетов.
Қазір операциядан кейінгі сегізінші тәулік, пациент жүрек-қан тамыр хирургиясы бөлімшесінде ем алуда. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы жақсы, аяқтағы қан айналымы қалпына келген.
Облыстық ауруханада көрсетіліп жатқан медициналық көмекке көңілім толды. Медбике, дәрігерлері жылы қарсы алып, барлық жағдайымды жасап жатыр. Дәрігерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Ал тұрғындарға айтарым, денсаулығыңа мән беріп, уақытылы дәрігерге қаралып тұруды ұмытпаңыздар,– дейді науқас.
Жалпы облыстық көпбейінді ауруханада жыл басынан бері аяқ тамырларының бітелуіне байланысты 60-қа жуық күрделі ота жасалған. Мұндай операциялар МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) аясында тегін жүргізіледі.