Otpan News Logo

Енді 1414 SMS кодтары қолданылмайды

|
11.12.2025 09:33
Енді 1414 SMS кодтары қолданылмайды
gov.kz

Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалады және тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе арнайы QR-код (eGov QR) арқылы ғана мүмкін болады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратураның үйлестіруімен қазақстандықтарды телефон алаяқтарының әрекеттерінен қорғауды күшейту бойынша шаралар қабылдауда.


Бұған дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен сервистерге кіру бір реттік код арқылы ғана жүргізілді. Салдарынан алаяқтар айласын асырды, «жәбірленушінің» телефон нөмірін енгізіп, 1414 нөмірі арқылы SMS-хабарлама жіберіп отырды. Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің иелеріне 1414 нөмірінен SMS жіберу тетігін қолдану үшін қолжетімділік талаптарын күшейту тапсырылды. 


Осы жылдың желтоқсан айынан бастап жоғарыда көрсетілген міндетті талаптарды енгізбеген ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі барлық мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтыққа қарсы күрес және қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.


Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында eGov Mobile мобильді қосымшасында күдік туғызатын әрекеттерді анықтау, кибергигиена талаптарын сақтау және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі ұсыныстары бар ақпараттық баннерлер орналастырылды.


Қабылданып жатқан барлық шаралар «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында жүзеге асырылып, құқықтық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік цифрлық сервистерге азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!