Тұрғындар Ақтаудағы автобус аялдамаларының жағдайына шағымданды
Ақтаудағы қоғамдық көлік аялдамалары жеке меншікке берілген. Кәсіпкерлер келісімшарт бойынша аялдамаларды күтіп-ұстауға міндетті. Алайда тұрғындардың аялдамалардың жағдайына қатысты шағымы азаймай отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде 27 шағынаудан «Достық» сауда орталығының қарсы бетіндегі автобус аялдамасына қатысты мәселені көтерді.
«Мұнда санитарлық жағдай өте нашар. Зәрдің иісі қолқаны қабады, оның үстіне айнала қоқыс пен кір. Бір жылдан бері аялдама осы күйде. Бірде-бір рет тазалық жүргізілмеген, нысан жуылмаған. Күн сайын осында келіп, автобусты күтетінтен бұл жағдайды көреміз», – дейді тұрғындар.
Қалалық әкімдік өкілдері аялдаманың және оның айналасының тазалыққа жауапкершілік нысан иесіне, яғни кәсіпкерге жүктелетінін айтты.
«Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес ескерту жасап, айыппұл салады», – деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ әкімдік аялдамалардың жағдайын қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі күн сайын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Алайда тұрғындардың айтуынша, бұл аялдама бір жыл бойы қаралмай қалған сияқты.
Редакция облыстық полиция департаментінен қоғамдық көлік аялдамаларын талапқа сай ұстамағаны үшін қанша кәсіпкерге айыппұл салынғанын және оның жалпы сомасы қанша екені туралы ақпарат күтіп отыр.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне сұрақтар мен шағымдар бойынша келесі байланыс арқылы жүгінуге болатынын жеткізді.
+7 (7292) 50-93-23, 52-69-13 телефондары;
eGov немесе «e-Otinish» порталы (ЭЦҚ қажет), сондай-ақ Ақтау қаласы әкімдігінің ресми сайты арқылы байланысуға болады.