Otpan News Logo

Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасады

|
10.04.2026 18:09
Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасады

Маңғыстау облысында балық шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтқанда саладағы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мен ғылыми-зерттеу нәтижесінде инновациялық тәжірибені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев айтты.


Спикердің айтуынша, саладағы кедергілерді азайту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар ұсыныстар орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.


-Аймақтағы инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында биыл балық аулау лимиті 2023 жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайтылып, шамамен 43,7 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі кутум балығы қызыл кітаптан шығарылып, кәсіпшілік аулау лимитіне енгізілді. Балықшылардың шекара органдарынан рұқсат алу мерзімі 50 күннен 18 күнге дейін қысқартылды. Бұған бөлек, аквашаруашылықтарды қолдау мақсатында бірқатар жеңілдіктер енгізіліп, ұңғымаларды бұрғылау шығындарының 80 пайызына дейін субсидия қарастырылды. Ал, жануарлар дүниесін пайдалануға қойылатын шектеу мерзімі 1 қаңтар мен 15 наурыз аралығына дейін қысқарды. Балықшы кемелері үшін теңіз порттары қызметтеріне 70–80 пайыздық жеңілдік берілді. Сондай-ақ, теңіз флоты бар инвесторларға балық шаруашылығы учаскелерін конкурссыз беру мүмкіндігі қарастырылуда, - деді Арман Молдашев.


Сонымен қатар, брифинг барысында спикер саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына да тоқталды.


-Балық өсіру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» бағдарламасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында «Қазақстан қолданбалы экология агенттігі» ЖШС ғылыми-зерттеу ұйымы арқылы Каспий албыртын жасанды түрде инкубациялау тәжірибелік-әдістемесі әзірленіп, енгізілді. Бұл әдістеме өңірде бағалы балық түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026–2027 жылдары жаңа ғылыми жобалар іске асырылмақ, - деді Арман Молдашев.


Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде «Kazakh Osseter», «Caspian Riviera», «Natali Company» және «Organic Fish» ЖШС-лері бекіре, жайын және албырт тұқымдас балықтарды өсірумен айналысып жатыр. Ал алдағы жылдары аквашаруашылық бағытында төрт ірі жоба жүзеге асырылады.

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!