Маңғыстауда құрылыс саласында әлеуметтік нысандардың үлесі артып келеді
Маңғыстау облысында өткен жылы құрылыс саласы тұрақты даму қарқынын көрсетіп, әлеуметтік нысандар үлесі артты. Тұрғын үй саласында 858,5 мың шаршы метр жаңа үйлер пайдалануға берілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдос Хамиев айтты.
Спикердің айтуынша, тұрғын үйдің басым бөлігі Ақтау мен Мұнайлы ауданында салынды. Сонымен қатар, әлеуметтік салада да қажетті инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді.
-Білім беру саласында 13 жаңа нысан ашылып, оның ішінде 9 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында іске қосылды. Үш ауысымды оқытуды жою жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық аурухана мен облыстық жедел жәрдем станциялары пайдалануға беріліп, ауылдық жерлерде медициналық нысандар іске қосылды. Қазіргі таңда 350 орындық облыстық балалар ауруханасының жобасы әзірленуде. Туризм мен спорт инфрақұрылымында ірі жобалар жүріп жатыр. Атап айтсақ, Кендірлі курорттық аймағында әуежай құрылысы қарқынды жүруде және Ақтау қаласында стадион жобалануда. Қала құрылысы саласында цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Ақтау, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларының жоспарлау жобалары үйлестіріліп, урбанистика саласын дамыту жол картасы іске асырылуда. Үлестік тұрғын үй құрылысына бақылау күшейтіліп, 127 тұрғын үй кешені құрылысы жалғасуда, - деді Айдос Хамиев.