Халықаралық фестивальде Қарақия кәсіптік колледжінің студенттері жүлдегер атанды
2026 жылғы 7–10 сәуір күндері Алматы қаласында «TAIQAZAN – 2026» II халықаралық кәсіби шеберлік фестивалі өтті. Байқауда Маңғыстау өңірінің студенттері жүлделі орын алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Фестивальге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Абай, Жетісу облыстары және басқа да өңірлерден 100-ден астам өтінім түсті.
Байқау аспаздық шеберлік, тігін және дизайн бағыттары бойынша өтті. Қатысушыларға қойылған негізгі талап – заманауи стильді ұлттық ерекшелікпен үйлестіру болды. Қатысушылардың жұмысын Франция, Түркия, Египет, Италия, Ресей және ТМД елдерінен келген халықаралық сарапшылар бағалады.
Алматы қаласындағы «Royal Tulip Almaty» қонақүйінде өткен «KERBEZ FASHION» байқауында Қарақия кәсіптік колледжінің студенттері Келдібайқызы Жазира мен Ерданова Гүлзира «Көлеңке сыры» атты киімдер топтамасын ұсынып, жоғары бағаланып, ІІ орынды жеңіп алды.
- Бұл жетістік – студенттердің шығармашылық ізденісі мен еңбегінің нәтижесі, - деді Білім басқармасы.