«Алтын мақсат еді, бірақ қолаға тоқтадым»: Гүлмарал Еркебаева Азия чемпионатынан алған жүлдесі туралы айтты
Азия чемпионатында әйелдер күресінен Гүлмарал Еркебаева қола медальға қол жеткізіп, ҚР ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салды. 76 келіде күресетін балуан бұл турнирде жүлде алатынына сенімді болғанын алға тартты. Otpannews.kz тілшісімен әңгіме барысында спортшы чемпион болсам деген мақсатының әзірге орындалмай қалғанын жеткізді.
- Құрлық біріншілігінде сіз үшін ең күрделі белдесу қай кезеңде болды?
- Ең қиын белдесу Моңғолия балуанына қарсы кездесуде өтті. Бұған бұрынғы жарақатымның да белгілі деңгейде әсері бар. Одан бөлек, әдіс жасау кезінде қарсыласымның аяғына өтіп тұрып, құлаудан аман қалдым. Өздеріңізге белгілі, мен есе жіберген моңғол спортшысы бүгін Азия чемпионы атанды.
- Қола жүлде үшін күресте оңтүстіккореялық спортшымен қаншалықты «таныссыз»?
- Біз Азия чемпионатынан бір ай бұрын Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Сол уақытта Оңтүстік Корея құрамасы да келген болатын. Сол кезде қарсыласымды біраз зерттеп көрдім. Жасы менен үлкендеу, әрі тәжірибелі спортшы. Дегенмен, өзімнің қола жүлдені қиындықсыз иеленетініme сенімді болдым.
- Бұған дейін күрескен құраманың өзге балуан қыздары есе жіберіп жатты. Бұл жағдай сізге психологиялық тұрғыда қалай әсер етті?
- Ұлттық құрама Азия чемпионатына сақадай сай келді. Жарыс болғаннан кейін жеңіс пен жеңілістің болуы — заңды құбылыс. Жалпы, қыздарымыздың ешқайсысы осал емес. Өзге мемлекет балуандарынан кем түспейді, тіпті кейде асып түседі. Бағы мен бабы қатар шаппаған болар. Бір жағынан, психологиялық тұрғыдан аздап сенімсіздік болды деп ойлаймын.
- Ұзақ үзілістен кейін спорттық бабыңызға толық келдіңіз бе?
- Екі жылдық үзілістен кейін қайта оралдым. Сол уақыттары ота жасаттым. Азия біріншілігі мен үшін алғашқы халықаралық жарыстардың бірі болды. Финалға шығып, алтын аламын деген мақсат қойғанмен, бұйырғаны қола жүлде болды.
- Турнирде жанкүйерлер қолдауын сезіне алдыңыз ба?
- Иә. Бірінші кезекте жанкүйерлерге үлкен рақмет айтқым келеді. Трибунада отырып қолдау көрсетіп, құдды Қазақстанда күрескендей сезім сыйлады. Барлығымыз да жанкүйерлердің қолдауын сезініп отырмыз. Күрес федерациясына мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын.