«Тәуелсіздік ұрпақтары»: Маңғыстаулық жастар 3 млн теңге грант ұтып алды
Маңғыстаулық жастар республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасынан жеңімпаз танып, 3 миллион теңге грант жеңіп алды. Жеңімпаздар ұсынған жоба – экологияны қорғау, шығармашылықты дамыту және жастардың техникалық дағдыларын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
“Тәуелсіздік ұрпақтары” жобасы – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған. Маңғыстаулықтар ұсынған «Eco – Art Qazaq» және «DIY Center» жобалары жүзден жүйрік шығып, жас ғалымдарды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева марапаттады.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына 6 бағыт бойынша 1700 өтінім келіп түсіп, оның 1622-сі қабылданған.
Жеңімпаздардың бірі – үш жоғарғы білім иесі, Шетпе ауылының тұрғыны Таңатар Бусаханов. Ол – Маңғыстау техникалық колледжінде арнайы пән оқытушысы.
«DIY Center» жобасының жеңімпазы Таңатар Бусаханов өз жобасы нарықтан арзан, бірақ пайдалы болады деп сенеді.
«Қазіргі таңда технологиялық заттар өте қымбат. Оның ішінде 10 функция атқарылатын болса тек соның 3-4 пайдаланады, меңің жобам арзандау түрі, тек керек функциядан тұратын құрығылар жасау. Осындай грант бар екенін естіп, ережесін іздеп таптым. Кейін талапқа сай барлық құжаттарды жолдадым. 3 000 000 теңгеге роботехникаға байланысты 3д принтер, тепловизор, поялды станция және тағв өзге заттар алынады. Грантты енді алдым, барлығын алдағы уақытта жүзеге асырамын, әзірге ештеңе жасалған жоқ, қажетті заттарға тапсырыс беріп қойдым», - деді ол.
Екінші жеңімпаз – бухгалтерия саласында қызмет атқаратын жеке кәсіпкер, Ақтау қаласының тұрғыны Сағира Агаджанова. Оның «Eco – Art Qazaq» жобасы табиғатты қоршаған ортаны таза ұстап, қоқыс көлемін азайтуды мақсат етеді.
Жоба аясында қалдықтарды қайта өңдеу насихатталып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бастаманың ерекшелігі – тұрмыстық қалдықтарды өнер туындыларына айналдыру. Яғни, қолданыстан шыққан заттарды кәдеге жаратып, олардан суреттер мен түрлі шығармашылық жұмыстар жасау арқылы жаңа мазмұн беру.
«Грант ақшасы жеке шотымызға аударылды, кәзіргі таңда жобаға қажетті материалдарды жинақтау үстіндемін, атап айтқанда, холст, рамка, краска деген секілді. Бұл жоба елімізде бұрын болмаған, қалдақтардан сурет салатын жоба. Жобаның толықтай іске асу уақыты – 4-5 ай көлемі, соңғы этап –көрме. Салынған суреттер көрмеде таныстырылады», - деді ол.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы құрылған. Сол уақыттан бері 100-ден астам жас өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.