Otpan News Logo

Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы алаяқтыққа қатысты тергеуді өз бақылауына алды

Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы алаяқтыққа қатысты тергеуді өз бақылауына алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бюджет қаржысының жымқырылуына қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Президент бұл істерді Бас прокуратураға егжей-тегжейлі тексеруді тапсырып, тергеу процесін жеке бақылауында ұстайтынын қадап айтты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. 


Президенттің айтуынша, денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етілсе де, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы.


“Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Президент Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс екенін баса айтты. 


“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет. Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек”,- деп қосты Президент. 


Сондай-ақ Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады.

192
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!