Тіл туралы дау – тек дау емес
Соңғы кезде қоғамда тілге қатысты әңгіменің жиілеп кеткені байқалады. Әсіресе жаңа заң жобаларының айналасында. Бірі алаңдайды, бірі ашуланады, бірі «тағы да сол тақырып» деп иығын қиқаң еткізеді. Бірақ бұл – тосын құбылыс емес. Керісінше, тірі қоғамның белгісі.
Өйткені тіл – жай ғана сөйлесу құралы емес. Тіл – ұлттың жүйкесі. Қоғамдағы кез келген өзгеріс алдымен тілге тірелетіні сондықтан.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бұл мәселеде екіұшты пікірге жол қалдырмаған. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл норма кеше пайда болған жоқ, бүгін өзгеріп жатқан жоқ. Жаңа заң жобалары да осы конституциялық өзектен алыстап отырған жоқ. Сондықтан «мемлекеттік тілдің мәртебесі шайқалып бара жатыр» деген әңгіме – эмоцияға құрылған тұжырым. Сонымен қатар, тілдің мәртебесін жеке абырой, ұлтаралық шиеленіске пайдаланатындар емес, қазақ тілінің шынайы жанашырларының да қатары көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл қоғамның жаңа сипат алуы, тағы бір биік кезеңге көтерілуі деп бағалануы тиіс.
Соңғы жылдары қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі орны нығайып келе жатқаны – жалаң ұран емес, объективті үдеріс. Мектептен бастап, мемлекеттік басқаруға дейін, медиадан цифрлық ортаға дейін қазақ тілінің үлесі артып келеді. Бұған арнайы заңнан гөрі, қоғамның ішкі сұранысы көбірек әсер етті. Тіл осылай өседі – табиғи жолмен.
Әрине, Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл – тарихи факт. Сондықтан тіл саясаты ешқашан күштеу арқылы жүргізілген емес. Қоғамдық келісім, өзара сыйластық, прагматизм – осының бәрі тіл мәселесінде де басты бағдар болып келеді. Жаңа заң жобаларының да көздегені – біреудің құқығын қысу емес, ортақ коммуникациялық кеңістікті реттеу.
Қазақ тілінің шынайы күшеюі заңның бір бабымен өлшенбейді. Ол – сапалы оқытумен, заманауи контентпен, ғылым мен технология тілінің қалыптасуымен өлшенеді. Тіл күнделікті өмірде қолданылмаса, ең мінсіз заң да оны тірілтіп жібере алмайды.
Сондықтан бүгінгі пікірталастарды үрейдің белгісі емес, жауапкершіліктің көрінісі ретінде қабылдаған жөн. Ал алаңдаушылықты күшейткеннен гөрі, сабырлы диалог пен ортақ мақсатқа жұмылу әлдеқайда пайдалы. Тіл де, қоғам да айғайдан емес, ойдан өседі.
Аят Сүгірбай
заңгер