Балалар коляскасымен автобусқа кіруге тыйым жоқ: жалған ақпарат таратудың салдары қандай?
OTPANNEWS.KZ – Әлеуметтік желіде жарияланған кез келген ақпарат шындыққа жанаса бермейді. Алайда көп жағдайда желі қолданушылары мәліметтің рас-өтірігін тексерместен, оны өзгелермен бөлісуге асығады. Соның салдарынан қоғамда негізсіз алаңдаушылық туындап, тұрғындар арасында түсінбеушілік қалыптасады. Бұған соңғы күндері балалар коляскасымен қоғамдық көлікке кіруге қатысты тараған ақпарат дәлел.
Әлеуметтік желілерде енді ата-аналарға балалар коляскасымен автобусқа кіруге тыйым салынатыны туралы мәлімдемелер кеңінен тарады. Кейбір жарияланымдарда мұндай әрекет үшін жолаушыларға айыппұл салынатыны немесе оларды автобустан түсіруі мүмкін екені айтылды. Бұл ақпарат әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды.
Алайда Көлік министрлігі аталған мәлімдемелердің шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде хабарлады.
Министрліктің түсіндіруінше, қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар коляскасымен қоғамдық көлікте жүруіне тыйым салмайды. Автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда, ата-анаға арналған бос орын болған кезде колясканы жинап алып жүру қарастырылған. Бұл ретте ол басқа жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Ал егер ата-анаға колясканы жинау қолайсыз болса, сапарын оны жайылған күйінде де жалғастыра алады. Ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігі мен автобус ішіндегі қозғалысқа кедергі келтірмеу. Сондай-ақ бұл талапты бұзғаны үшін айыппұл салу, жолаушыны көліктен түсіру немесе өзге де санкциялар қолдану көзделмеген.
Бұл жағдай ақпаратты тексермей таратудың қоғамға қаншалықты кері әсер ететінін тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені әлеуметтік желіде әйелдер наразылық білдіріп, жаппай пост жариялай бастады. Бір ғана расталмаған мәлімдеме жүздеген, тіпті мыңдаған адамның ойын өзгертіп, негізсіз үрей тудыруы мүмкін.
Ақпараттық кеңістікте әр азаматтың жауапкершілігі маңызды. Кез келген мәліметті бөліспес бұрын оның дереккөзіне назар аударып, ресми органдардың түсіндірмесін тексерген жөн. Себебі жалған ақпараттың таралуына оны алғаш жариялаған адам ғана емес, тексерместен әрі қарай бөліскен әрбір қолданушы да үлес қосады.
Ақпарат тарату – жай ғана батырманы басу емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Қазақстанда жалған ақпарат тарату үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік көзделген. Бұл талап әлеуметтік желілерге, TikTok, Instagram, Facebook және WhatsApp сияқты платформаларға да қатысты.
2026 жылғы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жауапкершілік негізінен екі кодекстің баптарымен реттеледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 456-2-бабына сәйкес, жалған ақпаратты орналастыру және тарату үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылықтың сипатына қарай жеке тұлғаларға айыппұл салынуы мүмкін. Заңбұзушылық қайталанған жағдайда жаза да күшейеді.
Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Егер таратылған ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудырса, кінәлі адам айыппұлдан бастап бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейінгі жазаға тартылуы мүмкін.