Otpan News Logo

Маңғыстаулық кәсіпкер ұл балаларға ағаш жонып, ұста болуды үйретпек

|
16.11.2026 10:35
Маңғыстаулық кәсіпкер ұл балаларға ағаш жонып, ұста болуды үйретпек

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Әлеуметтік кәсіпкер Сандуғаш Айнағұлова мемлекеттік гранттың қолдауымен ұл балаларға ағаш ұсталығын үйретуді көздеп отыр. Биыл ол мемлекеттен 5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алған. Кәсіпкер үшін бұл – бірнеше жылдық ізденіс пен еңбектің нәтижесі.


Сандуғаш Қобланбекқызының кәсіпкерлік жолы 2020 жылы басталған. Сол жылы жұмыссыз ретінде мемлекеттік бағдарламаның 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантын ұтып алып, оған бір тігін машинасы мен үтік сатып алған. Алғашында үйінде отырып бесік жабдықтарын тігіп, дайын өнімдерін дүкендерге өткізген. Карантин аяқталғаннан кейін кәсіпкер «ҚазАгроҚаржы» арқылы көлігін кепілге қойып, кәсіпке арналған нысан сатып алған. Оны өз қаражатына жөндеп, шағын шеберхана ашқан. Екі жылға жуық уақыт бойы түрлі киімдерге тапсырыс қабылдап, перде тігумен айналысқан.


«Осы кезеңде меннен тігін тігуді үйренгісі келетін келіншектер мен аналар көбейді. Олар балаларына да тігін өнерін үйретуді сұрай бастады. Мен бір жылдай ойланып, кейін аптасына екі күн тігін ісі мен қолөнер бағытында сабақ өткізе бастдым»,- дейді кәсіпкер. 


Уақыт өте келе шәкірттерінің саны артып, өзгелерді де жұмыспен қамтып, оларды тігін шеберханасына қабылдаған. Осылайша, алғашында бір тігін машинасымен басталған кәсіп бүгінде он тігін машинасы мен түрлі арнайы жабдықтары бар орталыққа айналған.


2023 жылдың мамыр айынан бастап орталық «Тәрбие қолөнер академиясы» атауымен жұмыс істейді. Орталық әжесі Тәрбие Көптілеуқызының есімімен аталған. Кәсіпкердің айтуынша, осы уақыт аралығында ол ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналармен, қоғамдық қорлармен де бірлесіп жұмыс істеген. Бұл тәжірибе оның кәсібін жаңа бағытта дамытуына түрткі болған.


Түрлі жобамен айналысқан кәсіпкер ұлттық мұраны ұлықтау мақсатында ұл балаларға ағаш ұсталығын үйретуді көздейді. Ол биыл осы жобаны іске асыру мақсатында мемлекеттік қолдауға ие болды. 


«Бұл бастама арқылы балалардың қол моторикасын дамытып, ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыруды көздеймін»,- дейді Сандуғаш Айнағұлова. 


Кәсіпкер мемлекеттік грантқа осыған дейін екі рет қатысқан.


«Бұған дейін екі жыл қатарынан грантқа қатысып, өте алмадым. Бірақ әр жолы өзіме шабыт алып, қателіктерімді түзетуге тырыстым. Осы саланы зерттеп, жобамды жетілдіруге уақыт бөлдім. Қазір 7 жастан 70 жасқа дейінгі қыз-келіншектерге ине мен қайшыны ұстаудан бастап, өрмек тоқу, ши тоқу, жүн түту, ұршық иіру және киім тігуді үйретіп келеміз. Ендігі мақсатым – ұл балаларға да өз қолымен ағаш кесуді, балға ұстауды, шеге қағуды, бұйымдарды бекітуді және ою ойып үйрету», – дейді кәсіпкер.


Грант қаражатына ағаш өңдеуге арналған арнайы станоктар мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланған. Кәсіпкердің пікірінше, ағаш ұсталығы баланың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, еңбекке баулып, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Сонымен қатар балаларды гаджеттерден алыстатып, ұлттық өнерге жақындатуға мүмкіндік береді.


Бұл бастамада кәсіпкердің жолдасы да қолдау көрсетеді. Әскери қызметкер болып жұмыс істейтін ол бос уақытында ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Қазір Сандуғаш Қобланбекқызы ұршық иіру өнерін насихаттап жүрсе, жолдасы табиғи ағаштан ұршық жасап шығарады.


Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта қажетті станоктар мен құрал-жабдықтар алынған соң, ағаштан бұйым жасау және оны өзгелерге үйрету жұмыстары әлдеқайда жеңілдей түспек.


Сандуғаш Қобланбекқызы үшін бұл жоба жай ғана кәсіпті кеңейту емес, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің жолы. Ол қыз балаларға тігін мен қолөнерді үйретіп келе жатқан академияның жұмысын енді ұл балаларға арналған ағаш шеберханасымен толықтырып, дәстүрлі ұсталық өнерді жаңғыртуды мақсат етіп отыр.

17
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!