Otpan News Logo

Дзюдошы Нұртілек Нұртілепұлы Загребте жүлдесіз қалды

|
16.11.2026 10:11
Дзюдошы Нұртілек Нұртілепұлы Загребте жүлдесіз қалды
Фото: IJF ресми сайтынан

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстаулық дзюдошы Нұртілек Нұртілепұлы Хорватия астанасы Загребте өткен Гран-при турнирінде жүлдеге іліге алмады. +100 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз жарыстың екінші айналымында жеңіліс тапты.


Аса ауыр салмақта белдескен Нұртілек алғашқы айналымда Германия өкілі Мортаза Сухадан басым түсті. Алайда екінші айналымда Әзербайжан балуаны Канан Насибовқа жол берді. Айта кетейік, Насибов өткен айда Бакуде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді. Бұл жолы ол Загребтегі турнирдің жеңімпазы атанды. 


Ал осы салмақта ел намысын қорғаған Ерасыл Қажыбаев жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ол қола медаль үшін өткен белдесуде Грузия өкілі Саба Инаишвилиден жеңіліп қалды. Осылайша, грузиялық балуан қола жүлдеге ие болды.


Маңғыстау дзюдошылары арасында Загребте күрескен Меруерт Сәрсенова (52 кг) жарысты алғашқы айналымнан аяқталды. Ол іріктеу бәсекесінде пуэрторикалық Франсин Эчеваррияға жол беріп, келесі кезеңге өте алмады. 


Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Загребтегі Гран-при турнирінде үш медаль жеңіп алды. Нұрқанат Серікбаев (66 келі) алтыннан алқа тақса, Аман Бақытжан (60 келі) мен Ғалия Тынбаева (48 келі) күміс жүлдегер атанды.

12
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!