Otpan News Logo

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды элементі» – депутат Адамбеков

|
21.05.2026 14:58
«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды элементі» – депутат Адамбеков

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік науқандық шарадан ел азаматтарын ортақ құндылыққа біріктірген ауқымды ұлттық жобаға айналды. Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында бұл бастаманы мемлекеттік деңгейде институционалдандыру, яғни жүйелі мемлекеттік саясатқа айналдыру уақыт талабы екенін алға тартты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Депутат заңнамалық, цифрлық және инфрақұрылымдық тұрғыдан маңызды ұсыныстар жасады. Депутат биылғы конституциялық реформаның маңызына тоқталып, экологиялық мәдениеттің құқықтық негізі Ата заңда бекітілгенін атап өтті. Атап айтқанда, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының кіріспесінде табиғатты аялау қажеттігі енгізілген еді. Тілектес Адамбековтің пікірінше, «Таза Қазақстан» жобасы осы конституциялық реформаларды іске асырудың және қоғамда табиғатқа деген жауапты көзқарасты қалыптастырудың негізгі құралына айналуы тиіс.


Осыған байланысты депутат елдегі барлық саяси партияларға «Таза Қазақстан» қағидаты мен акциясын өздерінің негізгі саяси бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды. Себебі бұл бастама қандай да бір саяси идеологиядан жоғары тұратын, бүкіл қоғамды бір мақсатқа жұмылдыратын ортақ ұлттық құндылық болуы керек.


Бастаманың қоғамды біріктіруші әлеуеті зор екенін ескере отырып, депутат елде тұрақты түрде жұмыс істейтін жалпыұлттық қозғалыс немесе арнайы штаб құру қажеттігін алға тартты. 


«Таза Қазақстан» акциясының жүзеге асырылуы бойынша ақпарат тарататын арнайы сайт, платформа және басқа да цифрлық ақпараттық платформалар құру керек. Бұл акция бойынша жыл бойы іс-шаралар өтеді. Бірақ көзге түсетін негізгі шаралар көбіне көктем мен күзде ұйымдастырылады. Сондықтан басқа да жыл мезгілдерінде көзге көрінетін осындай негізгі жобаларды енгізу керек. Мысалы, қоқыс жинау немесе табиғи және тарихи орындарды түрлі жазулардан тазарту. Сондай-ақ су ресурстарын ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету керек. Мысалы, ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін жаңбыр суы мен еріген қар суын жинап, тазалап, сақтайтын арнайы резервуарлар мен су қоймалары жүйесін іске қосу арқылы елді мекендер арасындағы жолдардың бойында көпжылдық ағаштардан «жасыл дәліздер» құру. Бұл қыс мезгілінде қар үйінділерінің пайда болуын азайтып, жолдардың жабылу жиілігі мен ұзақтығын қысқартуға мүмкіндік береді»,- деді Тілектес Адамбеков.
67
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!