Otpan News Logo

Ақтауда инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған фестиваль өтті

|
20.05.2026 18:00
Ақтауда инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған фестиваль өтті

Ақтауда «DalaSkills-2026» республикалық кәсіби шеберлік конкурсы аясында инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған «Abylimpics: Дала дәстүрі – болашақ мүмкіндіктері» атты инклюзивті фестиваль-көрме өтті. Іс-шараға Ақтау қаласынан, Түпқараған және Мұнайлы аудандарынан 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Фестивальге 15 мектептен барлығы 67 оқушы келді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Фестиваль алаңында қатысушылар ұлттық қолөнер мен дәстүрлі технологиялар саласындағы жұмыстарын көрсетіп, өздерінің шығармашылық және кәсіби қабілеттерін алғаш рет қалың жұртшылыққа таныстырды. Жиын барысында қатысушылар сарапшылармен, әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, кәсіби ортада өзара іс-қимыл жасаудың алғашқы тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алды.


Ұйымдастырушылар ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дәріптеуге ерекше көңіл бөлді. Іс-шара бағдарламасы дәстүрлі қолөнер мен заманауи кәсіби бағыттарды біріктіретін 10 құзыреттілік бойынша құрылды. Бұл қатысушыларға қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын жаңа форматта ұсынуға мүмкіндік берді.


Сонымен қатар Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі пилоттық жобаның қорытындысы шығарылды. Жобаны «Сәлем-Намасте» үнді этномәдени қоғамдық бірлестігі мен «USTAZ» педагогтердің үздіксіз білім беру орталығы» ЖШС бірлесіп жүзеге асырды. №6 және №17 мектептердің 75-тен астам педагогі оқыту тренингтерінен өтті. Жоба аясында мұғалімдер өз құзыреттіліктерін арттырды, сонымен қатар ата-аналарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, инклюзивті білім беру ортасын дамыту бойынша практикалық ұсынымдар әзірленді.


Маңғыстауда 18 жасқа дейінгі 348 340 баланың ішінен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) есебінде 10 285 бала тұр. Оның ішінде 9 224 бала (90%) біліммен қамтылған, ал 1 061 бала (10%) түрлі себептермен оқымайды: 649 бала ата-анасының қалауы бойынша үйде отыр, 412-сі – оқуға жарамсыз деп танылған.


Бұл санаттағы балалар ПМПК қорытындысына сәйкес балабақшаларға, мектептерге және арнайы білім беру ұйымдарына жіберіледі.


Балабақшаларда, мектептер мен колледждерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін қазіргі уақытта 166 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. Олардың саны соңғы 5 жылда айтарлықтай өсті. Оқу-тәрбие үрдісінде туындайтын әртүрлі мәселелерді (инклюзивті білім беру, әдістемелік көмек, психологиялық қолдау және т.б.) шешу үшін педагогикалық консилиумдар құрылған.

Сонымен қатар өңірде келесі мекемелер жұмыс істейді:

 6 ПМПК;

 3 арнайы балабақша;

 3 арнайы мектеп;

 1 мектеп-интернат;

 8 түзету кабинеті;

 1 оңалту орталығы. Бұл мекемелерде 2400-ден астам бала қамтылған.


Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашу және қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалі, «Біздің таланттар» музыкалық-шығармашылық байқауы және «Шексіз шығармашылық» байқаулары өткізіліп тұрады. Өткен жылы бұл шараларға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360-тан астам бала қатысып, өз өнерлерін, шығармашылық қабілеттері мен жетістіктерін көрсетті. Мұндай іс-шаралар балалардың өзіне деген сенімділігін арттыруға ықпал етеді және олардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізеді.


Инклюзивті білім беруді одан әрі дамыту және педагогтердің кәсіби қоғамдастығын кеңейту мақсатында арнайы білім беру ұйымдары педагогтерінің облыстық қауымдастығы құрылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Қауымдастық аясында мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдауға бағытталған әдістемелік кездесулер, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіледі. Бұл алаң тәжірибе алмасуға, инновациялық әдістемелерді енгізуге және ерекше балаларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімді жолдарын бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді.

«Инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтердің базалық құзыреттіліктерін қалыптастыру» курсы аясында Ақтау қаласының №6 жалпы білім беретін мектебінің базасында көшпелі практикалық сабақ ұйымдастырылды. 


Педагогтер заманауи мультимедиялық технологиялармен және ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар балаларды оқытудың тиімді әдістемелерімен танысты. Қатысушылар тірек-қимыл аппараты бұзылған және зиятында бұзылулары бар балаларға арналған білім беру жүйелерінің жұмыс ерекшеліктерін талқылады, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы қоғамдық қорлардың тәжірибесімен бөлісті.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!