Otpan News Logo

Ақтаулық Руслан Аджатаев бір аяғынан айырылса да Қазақстанның 11 дүркін чемпионы атанды

|
21.05.2026 12:55
Ақтаулық Руслан Аджатаев бір аяғынан айырылса да Қазақстанның 11 дүркін чемпионы атанды

Руслан Аджатаев – отырып ойнайтын волейбол шебері. Ол 2002 жылы паразиада ойындарының күміс жүлдесін иеленген, сондай-ақ Руслан Исмайлович Қазақстан Республикасының он бір дүркін чемпионы атағына ие. 16 жасында бір аяғынан айырылған Руслан Аджатаевпен otpannews.kz сайтының тілшісі сұхбаттасты. 


Русланның спортпен айналысып жүргеніне 35 жылдан асқан. Өзінің айтуынша, оның волейболға келуі – кездейсоқ оқиға. 


«Менің мамандығым – етікші. Күнделікті жұмысымды істеп, күн көріп жүрдім. Содан бір күні жұмыс орныма бір адам келіп: “Мұнда бір аяғы жоқ етікші бар екен, кім?”- деді, оған жауап бердім. Сол кісі – Нұралы аға екен. Бұл – оның отырып ойнайтын волейбол командасын жинап жүрген кезі. Мені топқа шақырды, сөйтіп спорт әлеміне қадам бастым»,- дейді спортшы Руслан Аджатаев. 


Руслан – ІІІ топ мүгедегі. Спорт шексіз мүміндік сыйлағанын айтатын чемпион бұл әлемде шектеу жоқ деп сенеді. Салауатты өмір салтын ұстану, денсаулықтың қадірін ұғу – ең маңызды құндылық. 


«Денсаулық – зор байлық. Бәрі бұл сөзді білсе де, мәнісін терең ұға қоймайды. Ал мен адамзатқа салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығыңды күт дегім келеді»,- дейді волейболшы. 


Руслан Аджатаев мүгедек адамдардың қорқынышы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, депрессияға беріліп, бір бұрышқа тығылғанның, үйге қамалып, қоғаммен байланысты үзудің – мағынасы жоқ. Өйткені бір есік жабылса – жаңа бір есік ашылады. Бұл әлемде мүмкіндік – шексіз, шектеу жоқ. 


«Мүгедек жандар үйде отырып, ешнәрсемен айналыспай, күйзеліске түседі. Мен оларды спортпен шұғылдануға шақырамын. Өзіңді қолға алып, денеңді шынықтырған жөн, мүмкіндікті пайдалану керек. Өйткені спорт маған басқа әлемге жол ашты. Мүмкін емес дүние жоқ екеніне көзім жетті. Волейбол ойнағанымның арқасында елімізді араладым, тіпті шет мемлекеттерге де шықтым. Египет, Голландия, Корея және өзге де елдерді көрдім. Сол жақтағы жарыстарға қатысып, басқа мүгедектерді көргенде “менің жайым әлдеқайда жақсы ғой” деп шүкір ететін болдым»,- дейді ҚР 11 дүркін чемпионы Руслан. 


Руслан Аджатаевтың жасы – 56-да. Отыз жылдан астам уақыт бойы спортпен шұғылданып, ҚР құрама командасының қатарында жүрген спортшы бүгінде Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубында спорт жаттықтырушысы әрі тәлімгер болып жұмыс істейді. Бұл орталықта 30, 40 тіпті 70 жастағы адамдар да спортпен шұғылданады. Воллейболдан бөлек тоғызқұмалақ, үстел теннисі, боча, шахмат, шашка және жүзу спорт түрлері де бар. 


Руслан Аджатаев тек паразиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР он бір дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері, спорт шебері ғана емес, ол – ерік-жігерін жеңіп, тәртіпке бағына білген жан. Бір аяғына ампутация жасалса да, кәсіптен қашпай еңбек етіп, өзін спорттан тапқан жан бүгінде – аяулы жар, ардақты әке. Спортты жаны сүйіп, өмірдегі өз орнын осылай тапқан Русланның айтуынша, өмір – тосынсыйға толы және оның берері – көп. 

69
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!