Маңғыстауға кореялық дәрігерлер делегациясы келді
Маңғыстау облысына Корея Республикасынан дәрігерлер делегациясы келді. Іс-сапар аясында бірқатар медициналық нысандарда таныстыру шаралары өтіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Шетелдік делегация сапарының басты мақсаты – өңірдегі медицина саласының жұмысымен танысу, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Делегация мүшелері Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына барып, мекеменің жұмысымен танысты. Әулие Мария халықаралық клиникасының резиденті Ко Дон Хен Қазақстанның керемет әсер қалдырғанын айтты.
"Біз кеше Ақтауға бірінші рет келдік. Бүгін балалар ауруханасына келіп, әріптестерімізбен танысып жатырмыз. Шыны керек аурухананың ішкі құрал-жабдықтары мен қызметкерлердің жұмысы тәнті етті, әрі біз ойлағандай жоғары сапада болды. Оңтүстік Кореядағы әулие Мария халықаралық клиникасы Инчон қаласында орналасқан. Орталығымыз қазіргі таңда әлемдік деңгейге шығуға қадам басып келе жатыр. Сол үшін әр елді аралап, ауруханалардың жай-күйімен танысып жүрміз. Іс-сапар аясында Қазақстанмен бірлесіп жұмыс жасау үшін ынтымақтастық туралы меморандум жасаймыз. Бұл құжат денсаулық сақтау саласындағы өзара тәжірибе алмасу, білікті мамандар даярлау, жаңа технологияларды енгізу және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді",- деді Әулие Мария халықаралық клиникасының резиденті Ко Дон Хен.
Сондай ақ делегация мүшелері облыстық онкологиялық диспансердің жұмысымен де танысты. Бұл іс-шара ота жасатуға қалтасы көтермейтін ата-ана мен балаға арналған “Мүмкіндік” жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаның мақсаты - әлем бойынша үздік деп танылған 6 медицина маманын елге әкеліп, 60 балаға ота жасату. Әлемдік деңгейдегі 6 хирургты елімізге шақырту арқылы бұл шығынды 240 млн теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туып отыр.
Кореядан келген дәрігерлер 10 шақты балаға ота жасайды. Айта кетейік, профессор Ким Хе Юн науқастарды қабылдайды.