Қазақстан Парламенті Құрылтай туралы конституциялық заңды қабылдады
Парламент «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген. Жаңа заң шығарушы орган 145 депутаттан тұрады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Kazpravda.kz-ке сілтеме жасап.
Заң бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекітеді. Сондай-ақ оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын, қызмет қағидаттарын, құрылымын, жасақталу тәртібін және өкілеттіктерін жүзеге асыру тетіктерін айқындайды.
Жаңа заң шығарушы орган бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан құралады. Құжатта депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, депутаттық бірлестіктерді құру тәртібі, парламенттік көпшілік пен оппозиция мәселелері, сондай-ақ депутаттық әдеп нормалары бекітілген.
Бұдан бөлек, заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық Кеңесі де енгізіледі. Бұл орган аталған құқықты Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырады.
Қабылданған Конституциялық заң Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін де айқындайды. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерін тағайындауға ұсынылатын кандидаттар бойынша консультациялар өткізу, олардың есептерін тыңдау және басқа да рәсімдер қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді қажет ететін депутаттық бастамалар бойынша Үкімет қорытындысын ұсыну мерзімі үш ай болып белгіленген.
Сондай-ақ заңға сәйкес Құрылтай Қазақстан Президентінің Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін және Жоғары аудиторлық палатаның құрамын тағайындауына келісім береді.
Одан бөлек, Құрылтай депутаттарына Президент ұсынған кандидатуралар негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылған. Заңда Құрылтайдың Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларының қол сұғылмаушылық мәртебесін тоқтату тетіктері де қамтылған.