Шет елде оқып жүрген қазақстандық студенттерге кірістер мен мүлікті декларациялау ережелері ескертілді
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті шетелдік жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттердің қандай жағдайларда салық декларациясын тапсыруға міндетті екенін түсіндірді. Мамандар шетелде оқудың өзі міндетті түрде декларация тапсыруға негіз болмайтынын атап өтеді. Алайда шетелдік шоттардың, мүліктің немесе басқа да активтердің болуы мұндай міндет жүктеуі мүмкін, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан азаматтары білім алу мақсатында ел аумағынан тыс жерде жүрсе де, әдетте, Қазақстан Республикасының салық резиденті мәртебесін сақтап қалады. Сондықтан жекелеген кірістер мен актив түрлері қазақстандық салық өрісінде есепке алынуы мүмкін.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың көпшілігі үшін міндетті түрде декларация тапсыру күшінін жойды. Студенттер, зейнеткерлер, жеке сектор қызметкерлері және халықтың басқа санаттары декларацияны автоматты түрде тапсырмайды – бұл міндет тек белгілі бір негіздер болған жағдайда ғана туындайды.
Негізгі жағдайлардың бірі – шетелдік банктерде ақша қаражатының болуы. Егер 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелдік шоттардағы жалпы қалдық 1 000 АЕК-тен (3,932 млн теңге) асса, студент декларация ұсынуға міндетті. Бұл ретте барлық шетелдік шоттар бойынша жиынтық сома есепке алынады.
Сондай-ақ шетелде тіркелген мүлік болған жағдайда да декларация қажет. Бұл активтерге жылжымайтын мүлік, көлік, шетелдік компаниялардағы үлестер, бағалы қағаздар, брокерлік шоттар, инвестициялық алтын және цифрлық активтер жатады.
Тағы бір негіз – ірі көлемдегі сатып алулар. Егер 2025 жыл барысында құны 20 000 АЕК-тен (78,64 млн теңге) асатын мүлік сатып алынса, қаражат көзін көрсету қажет.
Студенттердің жекелеген санаттары да декларация тапсыруға міндетті, мысалы, егер олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге ілісетін тұлғаларға жатса, сайланбалы лауазымдарға кандидат болса, жеке практикамен айналысса немесе цифрлық активтерге иелік етсе.
МКД шетелдік стипендиялар мен гранттарға салық салу ережелері 2026 жылдан бастап өзгергенін атап өтті. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге берілетін төлемдер жеңілдетілген кірістерге жатады. Алайда 2026 жылғы қыркүйекте тапсырылатын декларация 2025 жылғы кірістер мен мүлікке қатысты.
Декларацияны қашықтан – Салық төлеуші кабинеті, eGov порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat, eGov mobile, Halyk, Kaspi.kz мобильді қосымшалары және басқа да сервистер арқылы беруге болады. Ол үшін Қазақстанға жеке барып жүгіну талап етілмейді.
2025 жылғы декларацияны тапсыру мерзімі – 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін. Егер есептеу қорытындысы бойынша салық міндеттемесі туындаса, жеке табыс салығын 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.
Мемлекеттік кірістер департаменті студенттерді шетелдік шоттары мен мүлігін алдын ала тексеруге, қажетті құжаттарды дайындауға және есептілікті соңғы күнге қалдырмауға шақырды.
«Шетелде оқу – кәсіби тұрғыдан дамуға үлкен мүмкіндік. Салық міндеттемелерін уақтылы орындау қаржылық тарихтың ашықтығын сақтауға және болашақта туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға көмектеседі», – деп атап өтті ведомстводағылар.