Маңғыстау тасжолында есінен танып қалған дағыстандық жасөспірімді полицейлер ауруханаға жеткізді
Маңғыстауда патрульдік полиция қызметкерлері Дағыстаннан Ақтауға қонаққа келе жатқан шетелдік отбасының жасөспірім қызына жедел көмек көрсетті. Қыз бала жол үстінде кенеттен есінен танып қалған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқиға Ақтау–Жетібай автожолының 40-шақырымында болған. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол жиегінде тоқтап тұрған автокөлікті байқап, көмек қажет болуы мүмкін екенін ескеріп, көлік қасына тоқтаған.
Полиция капитандары Тұрлан Оразұлы мен Біржан Үсіпбаев жүргізушімен сөйлесу барысында жолаушылардың бірі – жасөспірім қыздың есінен танып қалғанын анықтаған.
Полицейлер уақыт жоғалтпай, жасөспірім мен оның анасын патрульдік автокөлікке отырғызып, Ақтау қаласына қарай жедел жолға шыққан. Сонымен қатар олар жедел жәрдем қызметімен байланысып, медициналық бригаданың жолдан қарсы алуын сұраған.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жасөспірім медициналық қызметкерлерге аман-есен табысталды. Кейін ол әрі қарай тексеру және медициналық көмек көрсету үшін облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.