Маңғыстаулық Мирас 300-ден аса кітап оқыды
22 жастағы Мирас Текемұрат Жетібай ауылының тумасы. Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық Университетінде техникалық физика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазір Есенов университетінің экономика мамандығы бойынша 1 курс магистранты. Кейіпкеріміз кітап оқуға деген махаббат батырлар жырын оқудан бастау алғанын айтады. otpannnews.kz тілшісі кітапсүйер оқырман Мираспен кездесіп қайтты.
«Сафуан Шаймерденов, Мұқан Иманжанов, Шоқан Әлімбаев сынды көркем әдебиет пен фантастика жазушылары бар. Сафуан Шаймерденовтің «Қарғаш» романын оқыдым. Екі жастың арасындағы махаббатты керемет баяндаған. Фантастика оқығым келсе, Шоқан Әлімбаевтың кітабын қолыма аламын. Оны қазақтан шыққан тұңғыш фантаст жазушы деп айтсам, артық болмас. Оған қоса, ақтөбелік жазушы Әлихан Жақсылықты да оқырманға ұсынар едім. Оның шығармаларын сүйіп оқимын», — дейді Мирас Текемұрат.
Ертегі оқудан бастаған Мирас бүгінде қазақ әдебиеті мен шетел әдебиетін үзбей оқиды. Анда-санда кішігірім әңгіме жазуға шабытым ашылады дейді.
«Көркем, қазақ және шетел әдебиетін жаным сүйеді. Көршілес елдердің жазушыларының да кітаптарын орыс тілінде оқимын. Олардың арасында орыс, татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, түрік, әзірбайжан авторлары бар. Шетел әдебиетінен грек мифологиясын жақсы көремін. Өзім болашақ физика пәнінің мұғалімі болғандықтан, кейбір тақырыптарды оқушыларға қызықты әрі түсінікті етіп жеткізу үшін әңгіме жазуды да қолға алдым. Мәселен, "Гравитация", "Марстағы өмір", "Айда адамдар өмір сүре ала ма?» деген сияқты тақырыптардағы шағын әңгімелер жинағым бар», — деді ол.
Мирас Parakta.kz сайтына оқыған барлық кітабын тіркейді және сайттағы өзге де кітаптарды оқиды. «Түнгі кітапхана» деген айдары бар сайт дәмхана стилінде жасалған. Кез келген оқырман өз орнын таңдап, басқа да кітапсүйер қауыммен топ құрып, шам жағып кітап оқиды екен. Бұл адамның кітапқа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түседі дейді Мирас.
"Бұл сайтта өзіңнің қанша кітап оқығаныңды белгілей отырып, Қазақстандағы кітап оқырмандарының статистикасына әсер ете аласың. Әлемдік рейтинг бойынша еліміз 92-орында екен. Бұл жылына әрбір қазақстандық 2 кітап оқиды дегенді білдіреді. Негізі елімізде кітапхананың табалдырығын тоздырып, кітап сөрелерінен құнды дүниелер іздейтін жандар жетерлік", -деді Мирас Текемұрат.