Otpan News Logo

Маңғыстауда 300-ге жуық бала қант диабетімен ауырады

|
04.09.2026 16:49
Маңғыстауда 300-ге жуық бала қант диабетімен ауырады

Түрлі-түсті қаптамалар, әлеуметтік желідегі тартымды роликтер мен көздің жауын алатын жарқын суреттер бүгінде балалардың санасын жаулап алды. Осы бір агрессивті маркетингтік шабуылдың артында ұрпақ денсаулығына төніп тұрған үлкен қауіп жатыр. Елімізде жыл өткен сайын дұрыс тамақтанбау салдарынан түрлі ауруларға шалдыққандар саны артып келеді. Семіздік, қант диабеті, бауыр мен бүйректің дұрыс істемеуі секілді аурулар жасарып жатыр. Otpannews.kz тілшісі дұрыс тамақтанбау салдары жайында мамандармен тілдесіп көрді. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында бұл мәселенің өте күрделі екенін атап өтіп, Үкіметке фаст-фудтың агрессивті жарнамасын мұқият зерделеуді тапсырды. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Ал Маңғыстау облысында биылғы жылдың 6 айындағы көрсеткіш бойынша 307 бала есепте тіркелген.


Балалар және ересектер эндокринологы Айым Ақмұратқызының айтуынша, дұрыс тамақтанбау салдарынан туындайтын сырқаттар көп. Нәрлі ас жетпеген ағза бұзылып, адам әртүрлі ауруларға душар болады. Солардың бірі – қант диабеті. 


«Қант диабетінің де екі түрі бар. Бірінші типтегі қант диабеті – бұл ағзаның өз иммунитетімен күресі. Бұл түр көбінесе балалар мен жастарда кездеседі және кенеттен басталады. Бірнеше апта ішінде бала қатты шөлдеп, тәбеті ашылғанымен жүдеп, әлсірей бастайды. Бұл диагнозбен өмір сүретін адамдар күн сайын инъекция жасауға мәжбүр. Бірінші тип көбіне тұқымқуалаушылық арқылы беріледі. Ал екінші типтегі қант диабеті – дұрыс тамақтанбау салдарынан туындау ықтималдығы жоғары»,- деді эндокринолог дәрігер Айым Ақмұратқызы. 


Диабеттің әлемдегі барлық жағдайдың 90 пайызын құрайтын ең кең таралған түрі – екінші тип. Бұрын бұл дертті көбіне жасы ұлғайған адамдарда кездесетіндіктен «кәрілік диабеті» деп атаған. Өкінішке қарай, қазіргі фаст-фуд мәдениеті, қозғалыстың аздығы мен артық салмақ бұл ауруды жасартып жіберді. Енді бұл түр жастар мен жасөспірімдер арасында жиі кездесуде. 


«Асқынған қант диабеті тек ағза жұмысына ғана емес, бүкіл өмір салтына кері әсерін тигізеді. Тіпті 12 мүшесі сау адамның мүгедек атануы да мүмкін. Дұрыс тамақтанбау семіздікке, қант диабетіне, гормондардың бұзылысына, бүйрек пен бауыр ауруларына ұласуы ықтимал. Тіпті қант диабеті асқынғанда адамның көзі көрмей қалады»,- деп қосты эндокринолог дәрігер. 


Толыққанды ас ішуге уақыт жетпей, дүкендегі кез келген зиянды өнімді тіскебасар ретінде тұтынар кезде денсаулықты ойлаған жөн. Сондықтан сырты жылтыр, қаптамасы әдемі өнімді тұтынамын деп, тамақ емес, ауру жамап алу қаупі жоғары. Бұл туралы нутрициолог Нұрсұлу Бубетаева да ескертеді.


«Фаст-фуд, газдалған сусындар, дүкендегі тәттілер, чипсы – қалтаға жеңіл болғанымен, денсаулыққа тигізер залалы көп. Фаст-фудқа қосылатын соустар құрамында тәуелділікті шақыратын дәмді күшейту үшін кеңінен қолданылатын натрий глутаматы (немесе басқа да дәм күшейткіштер) болады. Құрамында натрий бар болғандықтан, оны жүйелі түрде көп тұтыну артериялық қысымның көтерілуіне, ісінуге және жүрек, бүйрек жұмысының бұзылуына әкелуі мүмкін. Фаст-фуд өте калориялы келеді, ал күшейтілген дәм адамның көп жеуіне түрткі болады, бұл өз кезегінде артық салмақ пен зат алмасудың бұзылуына жол ашады. Мұндай соустарды жиі қолданғанда адамның табиғи тағамдардың дәмін сезу қабілеті нашарлап, тек қанық, химиялық қоспасы бар тағамдарды ғана қажет етіп тұратын әдет қалыптасады»,- деді нутрициолог Нұрсұлу Бубетаева. 


Нутрициологтың айтуынша, қоғамда жаңсақ пікір көп. Мәселен, кей ата-аналар баласына газдалған сусын бермесе де, өзге шырындарды алып береді. 


«Балаға дүкеннен сусын алып беріп, “залалы азырақ” деп ойлау дұрыс емес. 0,5л газдалған шырында 13 кесек қант бар. Ойлап көріңіз, сіз қарапайым суға осынша көлемде қант араоастырып іше аласыз ба? Оның зиян екенін дәмін көрмей тұрып та білеміз. Сондықтан кез келген дайын шырыннан аулақ болған жөн. Ең пайдалы әрі сусын – қарапайым су. Адам салмағының әр килограмына 30 мл су ішу қажет. Жазды күні тіпті 50мл дейін көбейткен жөн»,- деді нутрициолог. 


Мемлекет басшысы өз сөзінде фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кеткенін айтқан еді. Оның айтуынша, тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады. 


«Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды" – деп қатаң мәселе көтерді. 


Президент бұл мәселенің медициналық, тіпті саяси астары бар екенін айтып, Үкімет балалардың саулығын басты орынға қоюы қажеттігін тапсырды.


Бұл мәселені шешу тек заң қабылдаумен шектелмейді. Бұл – бүкіл қоғам болып балалардың санасына дұрыс тамақтану мәдениетін сіңіру арқылы ғана түбегейлі шешілетін кешенді міндет. Ата-аналардың жауапкершілігі мен мемлекеттік деңгейдегі қатаң бақылау ғана ұрпақ денсаулығын сақтап қала алады.

26
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!