Маңғыстауда Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл: болашаққа бағдар» атты Тіл фестивалі өтті
Жиын барысында қазақ тіліндегі заманауи цифрлық ресурстарды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар қазақ тіліндегі ұлттық ойындарды дамыту, олардың мазмұнын заманауи форматта ұсыну және жастар арасында кеңінен насихаттау бағыттарын талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің мәртебесі мен маңызын насихаттау, тіл мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған бастамаларды талқылау.
Жиынға облыс және қала, аудан әкімдіктерінің басшылары, мемлекеттік қызметшілер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, банк және кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары, шығармашылық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиында қазақ тіліндегі Уикипедияның мазмұнын толықтыру, сапалы әрі сенімді қазақтілді ақпарат көлемін арттыру, отандық энциклопедиялық контентті дамыту мәселелері сөз болды.
Тіл фестивалі аясында ұйымдастырылған «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Жарнама – тіл тазалығы» атты байқаулардың жеңімпаздары да осы шара барысында марапатталды. Аталған байқаулар мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарды ынталандыруға, тілдің ұлттық құндылық ретіндегі маңызын дәріптеуге және қоғамдық ортадағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінде тіл нормаларының сақталуына назар аударуға бағытталды.
Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін насихаттаудың жаңа әрі заманауи тәсілдерін енгізу және тіл мәдениетін одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.