Алматы-Ақтау әуе рейсіне мінген қарт жолаушы абайсызда айтқан әзілі үшін ұшақтан шығарылды
Алматыдан Ақтауға ұшып бара жатқан FlyArystan әуе компаниясының рейсінен қарт жолаушы түсірілді. Оған себеп — қол жүгін орналастыру кезінде жарылғыш затқа қатысты сөз айтып, әзілдегені. Оқиға 3 қыркүйекте Алматы әуежайында болған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқиға туралы блогер Айгерім Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, ер адам қол жүгін ұшақтың жоғарғы сөресіне орналастыру кезінде бортсерікке көмектеспек болған. Сол кезде ол стюардессаға сөмкені неге өзі көтере алмайтынын, ауыр болғандықтан ба, әлде ішінде бір нәрсе болғандықтан ба деп әзілдеп сұраған. Алайда жолаушының айтқан сөзі әуе көлігі жағдайында қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қабылдануы мүмкін болған.
Осыдан кейін жолаушылардан қосымша тексеруден өту сұралған. Қол жүктері де қайта тексерілген. Соның салдарынан рейс кешіккен.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері авиациялық қауіпсіздік мамандарымен бірлесіп, жолаушыны тексерген.
Тексеру барысында оның жанынан тыйым салынған заттар мен жарылғыш заттар табылмаған. Полицияның хабарлауынша, жолаушыларды эвакуациялау жүргізілмеген, әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырған.
Соған қарамастан, ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материал толтырылған. Енді іс шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.
Көліктегі полиция департаменті жолаушыларды ұшақ бортында жарылғыш заттар, қару-жарақ және қауіп төндіруі мүмкін басқа да заттарға қатысты әзілдер мен орынсыз сөздер айтпауға шақырып отыр.
Мұндай сөздер қосымша тексеруге, рейстің кешігуіне және әкімшілік жауапкершілікке тартылуға себеп болуы мүмкін.