Мемлекеттік инспектор КЖСА диспетчерлік орталығының жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бейсенбай Тәжібаев «Каспий жылу, су арнасы» МКК Орталық диспетчерлік орталығының жұмысымен танысты. Мұнда қаланың инженерлік инфрақұрылымын нақты уақыт режимінде басқару және мониторинг жүргізу жүзеге асырылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Диспетчерлік орталық базасында Ақтау қаласының инженерлік желілерін басқарудың цифрлық жүйесі іске қосылған. Платформа ыстық және салқын сумен жабдықтау, жылумен қамту және кәріз жүйелерінің жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл мамандарға желілер мен жабдықтардың жұмыс параметрлерін жедел қадағалап отыруға жағдай жасамақ.
Жүйе деректерді автоматты түрде жинауды және ұзақ мерзімді сақтауды, технологиялық процестерді графикалық дисплейлер, кестелер мен графиктер арқылы визуализациялауды, сондай-ақ ақпаратқа веб-портал арқылы қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Цифрлық құралдардың көмегімен мамандар технологиялық жабдықтардың жұмысын бақылап, ақауларды анықтап, оларды электрондық журналда тіркей алады.
Жүйенің маңызды элементтерінің бірі – құбыр желілері мен инженерлік инфрақұрылымды АГИС/GIS негізінде цифрландыру. Сонымен қатар желілердің гидравликалық моделін құру, жұмыс режимдерін талдау, баланстарды есептеу, ағып кетулер мен шығындарды бақылау құралдары қолданылады. Есептілікті автоматты түрде қалыптастыру, биллинг жүйесі және негізгі тиімділік көрсеткіштерін дашбордтарда көрсету басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында коммуналдық инфрақұрылымның алдағы жылу беру маусымына дайындығына ерекше назар аударылды. «Каспий жылу, су арнасы» МКК директоры Серік Гусман мен Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Картбаев атқарылып жатқан дайындық жұмыстары мен нысандардың қазіргі жағдайы туралы баяндады.
Сонымен қатар КЖСА-ның қолданыстағы цифрлық платформасын одан әрі дамыту мүмкіндігі атап өтілді. Қазіргі жүйе Маңғыстау облысының Бірыңғай операциялық орталығының (Operations Center) алғашқы деңгейі ретінде пайдаланылып, кейін өңірдің тұрғын үй-коммуналдық және су шаруашылығы инфрақұрылымының басқа да нысандарын кезең-кезеңімен қосуға негіз бола алады.
Мұндай тәсіл жаңа жүйені нөлден бастап құруды қажет етпей, қолданыстағы және тиімді жұмыс істеп тұрған КЖСА цифрлық платформасын өңірлік басқару орталығының технологиялық негізі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бірыңғай цифрлық контурға қосымша инженерлік желілерді, коммуналдық кәсіпорындарды және облыстың басқа да инфрақұрылымдық нысандарын қосу көзделеді.
Басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру коммуналдық инфрақұрылым жұмысының ашықтығын арттырып, апаттық және штаттан тыс жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға, пайдалану көрсеткіштерін тиімді бақылауға және өңірлік деңгейде шешім қабылдау үшін бірыңғай ақпараттық контур қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, КЖСА-ның тәжірибесі Маңғыстау облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын одан әрі цифрлық трансформациялауға және өңір инфрақұрылымын жедел басқарудың бірыңғай жүйесіне көшуге негіз бола алады.