«ҚазГӨЗ» компаниясы 2,4 млн теңгеге жуық айыппұл төледі
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Жаңаөзенде орналасқан "Қазақ газ өңдеу зауытына” жоспарлы тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бірқатар экологиялық заңнаманы бұзғанын анықтады, деп хабарлайды otpannews.kz.
“Біріншіден, тексеру нәтижесі көрсеткендей, қауіпті қалдықтарды бөлек жинау талаптарының сақталмағаны белгілі болды. ҚР Экологиялық кодекстің 321-бабының 5-тармағына сәйкес, бөлек жиналған қалдықтарды қалдықтарды басқарудың барлық кейінгі кезеңдерінде араластыруға тыйым салынады. Алайда, кәсіпорын тарапынан өндірістік алаңындағы контейнерлерде қауіпті қалдықтардың аралас орналастырылуы қалдықтарды бөлек жинау және оларды кейіннен қауіпсіз басқару жөніндегі заңнама талаптарынан сақтамаған. Екіншіден, қауіпті өндірістік қалдықтарды есепке алудың тиісті деңгейде жүргізілмеген. ҚР Экологиялық кодексінің 347-бабының 1-тармағына сәйкес қауіпті қалдықтарды түзушілер, қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар, қауіпті қалдықтарды жинау, тасу және залалсыздандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері қауіпті қалдықтардың көлемін, түрін, шығу тегін, межелі пункттерін, көзделген жинау жиілігін, тасу әдісін және жұмыс істеу әдісін хронологиялық есепке алуға міндетті.
Алайда, зерделеу нәтижесінде қауіпті қалдықтардың түзілуі, жинақталуы және оларды шарт бойынша жоюға тапсыру бойынша есепке алу құжаттамасы толық көлемде және тиісті хронологиялық жүйелілікте жүргізілмегені анықталды. Үшіншіден, өндірістік материалдарды жерге тікелей орналастырып сақтау қамтамасыз етілмеген. Шолу барысында өңдеу процесінде пайдаланылатын өндірістік материалдардың, атап айтқанда техникалық тұздың, арнайы поддондарсыз, өндірістік алаңның жер бетінде тікелей сақталатыны анықталды. Яғни, материалдарды сақтау кезінде олардың жермен тікелей жанасуын болдырмайтын тиісті қорғаныс шаралары қамтамасыз етілмеген”, деп мәлімдеді экология департаменті.
Ал заң бойынша, яғни ҚР Экологиялық кодексінің 238-бабының 1-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жерді пайдалану кезінде жердің ластануына, жер бетінің қоқыстануына, топырақтың тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатының біржола жоғалуын болғызбау үшін қажет болған жағдайда оны алуды және сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
Аталмыш фактілер мекеме тарапынан өндірістік қызметін жүзеге асыру барысында қалдықтарды басқару және өндірістік материалдарды сақтау саласындағы экологиялық талаптардың толық көлемде орындалмағанын көрсеткен.
Осы бұзушылықтарды жою мақсатында «ҚазГӨЗ» ЖШС-не тиісті ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қабылдау туралы нұсқама берілді.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтар бойынша мекемеге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің үш бабы бойынша хаттамалар жасақталып, жалпы сомасы 2 млн 378 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынып, бүгінде мемлекет пайдасына толықтай өндірілді.