Маңғыстаулық шебер ирландиялық әдіспен пальто тоқыды
Маңғыстаулық қолөнер шебері Зарима Шадманова өз қолынан шыққан таңғажайып туындысын көпшілікке таныстырды. Бейнеулік шебер бұл жолы ирландиялық шілтер техникасын қолданып, көздің жауын алатын пальто тоқып шықты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Зариманың қолөнерге деген құштарлығы мектеп қабырғасынан басталған. Ол 2021 жылдан бастап бұл салаға терең ден қойып, арнайы курстар арқылы аяқ киім тоқуды меңгерген. Бүгінде шебердің өзіндік қолтаңбасы мен тұрақты тапсырыс берушілері бар.
Жаңа туындыны жасауға әлеуметтік желідегі бейнематериалдар түрткі болған. TikTok желісінен ирландиялық шілтер әдісімен жасалған бұйымдарды көріп қызыққан ол, шетелдік маманның шеберлік курсын сатып алып, бұл күрделі техниканы толықтай игеріп шығады.
Пальто үшін арнайы жіп алдырып, өз сүйікті түстерінің бірі – жасыл реңкті таңдаған. Өнімді жасау жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, шамамен 10-11 айға созылған.
Ирландиялық шілтердің басты күрделілігі – әрбір гүл мен жапырақ жеке-жеке тоқылып, соңында біртұтас композицияға біріктіріледі. Әсіресе, бұйымның жеңін шығару ең қиын кезең болып, кей тұстарын қайта сөгіп, бірнеше реттен тоқуға тура келген. Дегенмен, қажырлы еңбек пен шыдамдылықтың арқасында дайын болған әсем туынды шеберге ерекше қуаныш сыйлаған.
Бүгінде өз қолынан шыққан ерекше киімдерді күнделікті өмірде киетін және жақындарына сыйлауды ұнататын Зарима басталған істі соңына дейін жеткізу маңызды екенін атап өтеді. Ол бастаушы қолөнершілерге идеядан қорықпай, тәжірибе жасауға кеңес береді.
Шабыты таусылмайтын шебер мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта осы техника арқылы сәнді көйлек тоқуды жоспарлап отыр.