Otpan News Logo

«Қызылқұмда» өткен көшпелі жиында шаруалар су мен субсидия мәселесін көтерді

«Қызылқұмда» өткен көшпелі жиында шаруалар су мен субсидия мәселесін көтерді

Маңғыстаудағы «Қызылқұм» егістік алқабында егін шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Көшпелі жиында шаруалар су тапшылығы, электр энергиясының құны, тыңайтқыш субсидиясы және өнімді өткізуге қатысты мәселелерін ортаға салды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиынға Маңғыстау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары мен шаруа қожалықтарының иелері қатысты. Мамандар егістік алқаптарын аралап, жергілікті алма бағының жай-күйімен де танысты.


Көшпелі жиында сөз алған Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов өңірде егін шаруашылығымен айналысатын 156 шаруа қожалығы бар екенін айтты. Негізгі егістік алқаптары Қарақия және Мұнайлы аудандарында орналасқан.


«Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай тарапынан шаруаларды қолдау бойынша нақты тапсырмалар берілген. Менен бастап басқарманың барлық маманы сіздермен байланыста болып, туындаған мәселелерді жедел шешуге дайын. Бүгінгі шараның да басты мақсаты – егіншілердің мүддесін қорғау және облыстағы жұмыссыздық мәселесін азайту үшін ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру», – деді Сәбит Дүйсекенов.


Басқарма басшысының орынбасары Талғат Қылаңов биыл облыста егіс көлемін 1100 гектарға жеткізу жоспарланғанын айтты. Қазір оның 1001,9 гектары игерілген. Жыл соңына дейін көкөніс, бақша дақылдары мен жеміс-жидекті қоса алғанда, 30 мың тонна өнім алу көзделіп отыр.


Тыңайтқыш құнының 50-60 пайызына дейін субсидия беріледі. Биыл бұл бағытқа 25,7 млн теңге бөлініп, 253 тонна тыңайтқыш алынған.


Су беру қызметінің құнын субсидиялау деңгейі 85 пайызға дейін жетеді. Биыл осы мақсатқа 25,9 млн теңге қаралған.


Жиында егіншілер Маңғыстаудың табиғи жағдайына байланысты өнім өндіруге кететін шығынның жоғары екенін айтты. Олардың сөзінше, су 150-200 метр тереңдіктегі жерасты су көздерінен сорылып беріледі. Бұл электр энергиясына кететін шығынды арттырады.


«Біздің жерлеріміз ауыл шаруашылығы мақсатында алынғанмен, субсидияға жатпай қалып жатыр. Келісімшарт бойынша «Дария» мекемесінің суына да, тоққа да өзіміз төлейміз. Шығынымыз шаш етектен. Жергілікті өнімнің бағасын арзандатып, халыққа тиімді қылғымыз келеді, бірақ өз шығынымызды жаба алмаймыз. Бұрынғыдай гектарға немесе тамшылатып суаруға берілетін субсидияларды қайтару керек», – деді жергілікті егіншілердің бірі.


Шаруалар үшін өзекті мәселенің бірі – су тапшылығы. Талғат Қылаңовтың айтуынша, өңірде су көздерін көбейтуге қатысты арнайы бағдарлама бекітіліп, әр аудан бойынша ұсыныстар жиналып жатыр.


«Облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлының төрағалығымен арнайы бағдарлама бекітілген. Бұл бағдарлама аясында егін шаруашылығы бойынша да сіздердің ұсыныстарыңызды жинап жатырмыз. Әр аудан бойынша құдық қазу бойынша ұсыныстар болды, қазір өндіріс орындарымен келісім жүргізіліп жатыр. Егер егістік алқаптарында құдық қазу қажеттілігі туындаса, ортақ пайдалану үшін аудан арқылы ұсыныс беруге болады. Өндірістердің жеке адамға қазып беруге мүмкіндігі жоқ, бірақ ортақ пайдалануға қазу бойынша өндірістік мекемелерге ұсыныс енгізуге толық мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, егін шаруашылығында инвестициялық құдық қазуға «80-20» тәртібімен субсидия қарастырылған. Шаруалар осы мемлекеттік қолдауды пайдаланып, құдық қазуға толық мүмкіндіктері бар», – деп түсіндірді Талғат Қылаңов.


Тағы бір шаруа топырақтың құнарсыздығы мен тұздануына байланысты тыңайтқышқа қажеттілік жоғары екенін айтты.


«Маңғыстаудың топырағы әк сияқты, әр суарған сайын тыңайтқыш беру керек. Бізге тек «ҚазАзоттың» аммиак селитрасы емес, фосфор, калий, кальций сияқты басқа да тыңайтқыштар керек. Ал оларды жеке дүкендерден алсақ, «Ауыл шаруашылығы министрлігінің тізілімінде жоқ» деп субсидия бермейді. Жергілікті топырақ пен судың құрамына байланысты жеңілдетілген көмек түрлері қайта қаралса дейміз», - деді диқан.


Шаруалар сонымен қатар су ұңғымаларын қазуға, электр желілерін тартуға және жылумен қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау қажет екенін жеткізді. Олардың айтуынша, бұл мәселелер шешілсе, өңірді жергілікті өніммен қамту көлемін арттыруға мүмкіндік бар.


Жиында мемлекеттік сатып алуда сырттан әкелінетін өнімдерге қарағанда жергілікті өндірушілерге басымдық беру мәселесі де көтерілді.


Кездесу соңында шаруалар көтерген арнайы техника, құдықтарды тіркеу, ұңғыма қазу, электр энергиясының тарифі және субсидиялау талаптарына қатысты ұсыныстар хаттамаға енгізілетіні айтылды.


Басқарма өкілдері көтерілген мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсыныстар әзірлейтінін хабарлады.

15
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!