Otpan News Logo

Халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу бойынша жүйелі мәселелерді шешу туралы

|
17.09.2026 15:25
Халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу бойынша жүйелі мәселелерді шешу туралы
yk-news.kz

Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуы – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыратын маңызды көрсеткіштердің бірі. Бүгінде мемлекеттік аппаратты сервистік және клиентке бағдарланған модельге көшіру, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Т. Жұмағұловпен сұхбаттастық.


– Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың құқықтарын қорғауға қаншалықты көңіл бөлінуде?


– Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде мемлекеттік аппарат қызметін азаматтардың сұранысына барынша бағдарлау, сервистік әрі клиентке бағытталған мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр.


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында да азаматқа бағдарланған, сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті айқындалған.


Бұл ретте мемлекеттік органдар мен қызмет алушылар арасындағы өзара байланысты жетілдіру, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау және мемлекеттік қызметтердің сапасын тұрақты арттыру – негізгі міндеттердің бірі.


– Осы бағытта Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қандай жұмыстар атқарып келеді?


– Департамент мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, қызмет алушылардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылдайды.


Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 319 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.


Бұл нәтижеге Департаментке келіп түскен өтініштер негізіндегі жоспардан тыс тексерулер мен сұрау салулар, проактивті қашықтықтан бақылау, сондай-ақ «EgovKzBot2.0» Telegram боты арқылы түскен өтініштерді қарау нәтижесінде қол жеткізілді


– Азаматтардың құқықтары көбіне қай салалардағы мемлекеттік қызметтер бойынша бұзылады?


– Жүргізілген талдау нәтижелері құқықтары қалпына келтірілген қызмет алушылардың басым бөлігі жер қатынастары және сәулет-қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік қызметтерге қатысты екенін көрсетті.


Бұл бағыттар азаматтардың күнделікті өмірімен, мүліктік құқықтарымен тікелей байланысты. Сондықтан аталған салалардағы мемлекеттік қызметтердің сапалы, уақтылы әрі заңнама талаптарына сәйкес көрсетілуі ерекше маңызға ие.


– Есептік кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты қанша шағым түсті?


– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Департаментке мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 81 шағым келіп түсті.


Оларды қарау нәтижесінде жоспардан тыс тексерулер жүргізу арқылы 8 қызмет алушының, ал сұрау салу тәртібімен 49 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.


Сонымен қатар, Департамент тек азаматтардың шағымдары бойынша жұмыс жүргізумен шектелмейді. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында орын алуы ықтимал заң бұзушылықтардың алдын ала анықтау мақсатында проактивті қашықтықтан бақылау жұмыстары да тұрақты жүргізіледі.


– Қашықтықтан бақылаудың тиімділігі қандай?


– Қашықтықтан бақылаудың басты артықшылығы – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтарды азаматтың шағымын күтпей-ақ анықтауға мүмкіндік беруі.


Есептік кезеңде осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде 95 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, «EgovKzBot2.0» Telegram боты арқылы жүгінген бір қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.


Мұндай тетіктер азаматтардың құқықтарын жедел қорғауға, мемлекеттік қызмет көрсету процесіндегі кемшіліктерді дер кезінде анықтауға және жалпы қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.


– Азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілген нақты мысалға тоқталсаңыз.


– Осындай жағдайлардың бірі Ақтау қаласында орын алды. Қала тұрғыны баласын бірінші сыныпқа қабылдау мәселесі бойынша Департаментке жүгінді. Азамат жалпы білім беретін мектепке «Құжаттарды қабылдау және балаларды 1-сыныпқа қабылдау» мемлекеттік қызметі бойынша өтініш берген.


Алайда білім беру ұйымы баланы бірінші сыныпқа қабылдаудан бас тартып, бас тартудың нақты себептерін көрсетпеген. Қызмет алушы бұл шешіммен келіспей, Департаментке шағымданды. Шағым негізінде мектепке жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде азаматтың келтірген уәждері расталды.


Тексеру қорытындысы бойынша қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, баласы аталған жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына қабылданды. Бұл – мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі.


– Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң талаптарын бұзған қызметкерлерге қандай шаралар қолданылады?



– Анықталған әрбір бұзушылық бойынша заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылданады.


Жүргізілген бақылау және талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету барысында бұзушылықтарға жол берген 45 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Дегенмен біздің мақсатымыз тек жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Ең бастысы – орын алған бұзушылықтардың себептері мен салдарын анықтап, олардың алдағы уақытта қайталануына жол бермеу және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жүйелі түрде арттыру.


– Облыс тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз?


– Ең алдымен, азаматтарды мемлекеттік қызмет алу кезінде өз құқықтарын білуге және оларды қорғаудың заңды тетіктерін пайдалануға шақырамын.


Егер мемлекеттік қызмет алу барысында заңнама талаптарының бұзылуына, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартуға немесе белгіленген мерзімдердің сақталмауына тап болсаңыз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жүгіне аласыз.


Әрбір азаматтың құқығы заңмен қорғалған. Сондықтан мемлекеттік қызмет алу кезінде құқық бұзушылыққа тап болған жағдайда өз құқығыңызды қорғаудың қолданыстағы тетіктерін пайдаланған жөн.


Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету.


БАЙЛАНЫС ҮШІН


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті

Мекенжайы: Ақтау қаласы, 14 шағынаудан, 71 ғимарат, 2-қабат.

Тел.: 8 (7292) 30-26-40; 8 (7292) 30-26-15.

Өтініш жолдау: «EgovKzBot2.0» Telegram боты.

46
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!