Ақтауда полиция полковнигі Омар Тасқымбаевтың құрметіне «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Ақтаудағы №24 мектепте полиция полковнигі Омар Тасқымбаевтың атындағы «Жас сақшы» мамандандырылған сыныбы ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараға Маңғыстау облыстық полиция департаментінің және Ақтау қалалық полиция басқармасының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім беру саласының мамандары, мектеп ұжымы, сондай-ақ Омар Тасқымбаевтың отбасы мен жақын туыстары қатысты.
Жиында Омар Құралбайұлының өнегелі өмір жолы мен ІІО жүйесіндегі адал қызметін еске алды. Тәртіп сақшылары бұл сыныптың ашылуы жас ұрпақты отансүйгіштікке, отаншылдық пен жауапкершілікке тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екенін атап өтті.
«Омар Құралбайұлы өз қызметін қарапайым инспекторлықтан бастап, Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары лауазымына дейінгі үлкен кәсіби жолдан өтті. Ол әсіресе кәмелетке толмағандардың істері, қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында аянбай еңбек етті. Бүгін ашылып отырған «Жас сақшы» сыныбы – оның есімін ұлықтап, ісін жалғастыратын болашақ полиция қызметкерлерін тәрбиелеуге жасалған маңызды қадам», - деді жиында сөз сөйлеген ІІО өкілдері.
Омар Тасқымбаев еңбек жолын 1999 жылы Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып бастаған. Кейін Кәмелетке толмағандарды уақытша ұстау, бейімдеу және оңалту орталығын басқарды. Ақтау қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, Ақтау қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан ол 2021 жылы 49 жасында өмірден өтті.
Жаңа сыныпта оқушылар полиция қызметінің қыр-сырымен танысып, құқықтық сауатын арттырады. Сабақ барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша білім алады.
«Жас сақшы» сыныбы арқылы оқушылар полиция мамандығының ерекшелігін ерте танып, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын үйренеді.