Құстардың көші басталды: әлсіреген құсты көрсеңіз, не істеу керек?
Күз келіп, құстардың жылы жаққа қоныс аударуы басталды. Бұл кезде мыңдаған құс ұзақ жолды артқа тастайды. Ұшу кезінде кейбір құстар әлсіреп, жарақат алып немесе қолайсыз ауа райына байланысты қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды құстарға мұқият болуға шақырады, деп жазады otpannews.kz.
Маңғыстауда «UMIT MANGISTAU» қоғамдық қорының жабайы жыртқыш және Қызыл кітапқа енген құстарға арналған уақытша оңалту пункті жұмыс істейді. Мұнда жарақат алған немесе әлсіреген құстарға қажетті көмек көрсетіледі. Құстың жағдайы түзелсе, оны қайтадан табиғатқа жібереді.
Мамандар әсіресе жерде жатқан, ұша алмай тұрған, жарақаты көрініп тұрған немесе қатты әлсіреген құстарға назар аударуды сұрайды.
Егер осындай құсты көрсеңіз, оны өз бетіңізше емдеуге немесе тамақтандыруға тырыспаған жөн. Сондай-ақ бірден табиғатқа жібере салуға болмайды. Оның орнына қор мамандарына хабарласқан дұрыс. Олар құсқа қалай көмектесу керегін айтып, қажет болса оны оңалту пунктіне жеткізуге көмектеседі.
«UMIT MANGISTAU» қоғамдық қорының байланыс телефоны: +7 701 820 4439.
Мамандардың айтуынша, кейде дер кезінде жасалған бір қоңыраудың өзі құстың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Егер жарақат алған немесе әлсіреген құсты байқасаңыз, оның суретін түсіріп, табылған жердің нақты орнын көрсетіп, мамандарға хабарласыңыз.
Жабайы табиғатты қорғау – ортақ міндет.