
2025 жылғы 8-14 тамыз аралығында Ақтау қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығының 102 желісіне отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласы бойынша 45 хабарлама тіркелді. Барлық дерек бойынша заң аясында шешім қабылданды, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, құқыққа қарсы әрекеттер бойынша, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен – 4 тұлғаға, 461-бабымен – 1 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар әкімшілік сотқа жолданды.
Сонымен қатар өзге баптармен тағы 17 әкімшілік іс тіркелді.
Әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмаған 19 хабарлама іс жүргізусіз қалдырылды. Ал бір дерек қайталануына байланысты біріктірілген.
Ұрып-соғу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 109-1-бабымен 2 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзған 15 тұлғаға бір ай мерзімге «қорғау нұсқамасы» шығарылып, сот шешімімен тағы 2 тұлға 3 ай мерзімге «ерекше талап» есебіне алынды. Барлық жағдайда профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, 2025 жыл елімізде «Профилактика жылы» болып жарияланған.
