Кирилл Осин: «Бүгін тастаған пластик – ертең асыңыздан табылуы мүмкін»
Нұргүл Алясова
|
11:30, 18 тамыз 2025

«Менің Каспийім» конференциясында өңірге танымал эколог, «Эко Маңғыстау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Кирилл Осин әр адам теңізді сақтау үшін не істей алатыны жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кирилл Осин жерге де, теңіз жағасына да салғырт қарайтындарды түсіне алмайтынын айтты.
– Біз азық-түлік салынған ауыр сөмкелерімізді көтеріп теңізге келеміз, демаламыз. Бірақ неге сол демалыстан кейін өзімізбен бірге қоқысты алып кетуге ерінеміз? Қоқысты ең жақын қоқыс жәшігіне апарып тастау не болмаса қалаға апарып, үйдің маңындағы контейнерге салу соншалық қиын ба? Өткен жылы ел Президенті «Таза Қазақстан» бастамасын көтерді. Содан бері өткізілген сенбіліктерде жиналған қоқыс көлемін көріп, шошисың. Бұл бізді ойландыруы керек. Бүгін жағалауда қалдырған қоқысымыз ертең өзімізге қайта кездеседі. Сол кезде жағалаудың қоқысқа толып кеткеніне ренжиміз, ал көпшілігіміз сол қоқысты өзіміз тастайтынымызды ұмытып кетеміз. Біз тастаған қоқыстар жағалауда қалып қоймайды – желмен ұшып, теңізге түседі. Кейін теңізде мәңгі қалады. Мәселен, пластик ешқашан толық жойылмайды. Мың жыл өтсе де, бөтелке күйінде болмаса да, микропластикке айналып, суда қала береді. Бүгінде барлық су айдынындағы балықтардың ағзасында микропластик бар екені дәлелденген. Сол балық ертең біздің дастарханымызға қойылады. Қоқыс тастамау - әлемдік деңгейдегі үлкен мәселе. Ғалымдар тіпті микропластиктің ана сүтінен де табылғанын айтып отыр. Ол адам ағзасының барлық мүшесінде кездеседі. Сондықтан кейде балық жеп отырғанда, бәлкім, бір кездері сіздің теңіз жағасына тастаған бөтелкеңіздің өзіңізге қайта оралғанын есіңізге аласыз, – деді ол.
Конференцияда Кирилл Осин қатысушылардың сұрақтарына да жауап берді. Көпшілік неге өлі итбалықтар жыл сайын бір жерге және бір мезгілде жағаға шыға беретініне қызығушылық танытты.
– Итбалықтар қыс мезгілінде теңіздің солтүстігінде көбейеді. Аналықтары төлін мұз үстінде туып, шамамен екі аптадай сол мұзда ұстайды. Содан кейін ғана суға түседі. Қазіргі популяцияның нақты саны белгісіз. Бір кездері олардың саны миллионға жуық болған. 2000 жылдардың басында 100 мыңдай ғана қалған. Соңғы мониторинг бойынша қазір 300 мың шамасында. Бірақ нақты айту қиын. Өйткені оларды санау – өте күрделі жұмыс. Ең тиімді уақыт – қыс, аналықтар мен төлдері мұзда болған кезде. Бұл кезеңде олар Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігінде жүреді. Ал аталықтар сол уақытта Ресей жағына кетеді. Өлі итбалықтардың жағалауға шығып қалуы әдетте наурыздың соңына тура келеді. Олар теңіздің солтүстігінде қырылып, көктемде мұз еріген кезде ағыспен Баутин маңындағы жағалауға шығады. Алайда олардың денелері қатты шіріп кеткендіктен, сараптама жүргізу мүмкін болмай қалады, – деп түсіндірді эколог.
Кирилл Осин архивтен алынған ескі фотоларды да көрсетті. Ол суреттерде қазір су астында қалған тастар бұрын ашық жатқанын көруге болады.
– Бір суреттегі тасқа 1975 жыл деп жазылыпты. Ол кезде адамдар сол тастардың үстімен еркін жүрген. Ал 2019 жылы түсірілген тағы бір суретте сол тас жартылай суға батып тұр. 1979 жылы XX ғасырдағы теңіз деңгейінің ең төменгі көрсеткіші тіркелген. Сол кезде солтүстіктегі өзендерді Каспийге бұру жобасы дайындалған болатын. Бірақ 1980 жылдан бастап теңіз күрт көтеріле бастады да, бұл жоспар тоқтатылды. Керісінше, қалаға қауіп төнуі мүмкін деген уайым туындады. 1996 жылға дейін теңіз суы белсенді түрде көтерілді. Қазіргідей "теңізді құтқару керек" деген әңгіме ол кезде мүлдем болмаған. Керісінше, жағалаудағы тұрғындар "Құтқарыңдар! Қаламыз су астында қалғалы жатыр!" деп айқайлайтын. 2006 жылға дейін теңіз деңгейі бірде көтеріліп, бірде төмендеп отырды. Ал одан кейін теңіздің шегінуі басталды. Қазіргі жағдай – соның салдары, – деді ол.

Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ