Маңғыстаулық спортшы Жәнібек Әбу-Бәкір облыс әкімімен кездесті
Ақмарал Берекет
|
17:26, 18 тамыз 2025

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай XII Дүниежүзілік ойындарда жеңіске жеткен маңғыстаулық спортшы Жәнібек Әбу-Бәкірді және оның жеке бапкерін қабылдады, деп хабарлайды otpannews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында аймақ басшысы чемпионды тарихи жеңісімен құттықтап, облыс пен ел абыройын асқақтатқан еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Дүниежүзілік ойындарда үздік нәтиже көрсетіп, облыстың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатуға күш салдыңыз. Бұл жеңіс – табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі. Алдағы уақытта да жоғары белестерді бағындыруыңызға тілектеспін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, Қытайдың Чэнду қаласында өткен XII Дүниежүзілік ойындарда 69 келі салмақта сынға түскен Жәнібек Әбу-Бәкір джиу-джитсудан финалда қарсыласы Фарид Бен Алиді 12:9 есебімен ұтып, алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстан құрамасының аталмыш ойындардағы алғашқы алтын жүлдесі болды.

Пікір
Пікірлер
Деректер жоқ