
Енді ата-аналар балаларын бір мектептен екінші мектепке онлайн режимде ауыстыра алады. Бұл қызметті Оқу-ағарту министрлігі цифрландырып, eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді етті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа сервис ата-аналар мен заңды өкілдерге мектепті тұрғылықты жері бойынша да, басқа аймақтан да таңдауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл процесс бұрынғыдай қағазбастылықсыз жүзеге асады. Оқудан шығару немесе қабылдау талондары, жеке істі тапсыру секілді талаптар енді қойылмайды.
Мектеп таңдау кезінде бірден оқу тілі көрсетіледі. Сондай-ақ өтініш беруші қажет болған жағдайда өз өтінішін кері қайтарып ала алады.
Қызметті пайдалану қадамдары:
• eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтіңіз;
• «Білім» бөліміне кіріп, «Орта білім» қосымша бөліміндегі «Балаларды бір мектептен екінші мектепке ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау» қызметін таңдаңыз;
• Қажетті ақпаратты толтырып, өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз;
• Нәтижесін Жеке кабинеттен көре аласыз.
